Сирия мен Ирактағы едәуір аумақты қамтитын «Ислам мемлекеті» тобы күн сайын мұнай сатудан 3 млн. доллардан астам пайда табады, сондықтан да тарихта ең бай террорлық ұйым осы жерде. Бұл туралы АП агенттігіне сілтеме жасай отырып ИТАР-ТАСС хабарлады.
Америкалық барлау деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта ИМ экстремистері Сирия мен Ирак аумағында 11 мұнай кен орнын бақылауда. Автоцистернада өндірілген мұнай Иордания, Түркия мен Ирактың қара нарығына жеткізіледі. АП агенттігі атап өткендей, ИМ-де мұнай бағасы барелліне 25-тен 60 долларға дейін ауытқып тұрады, сонымен бірге қара алтынға нарықтық баға барелліне 100 доллардан асады.
Америкалық барлаудың бағалауынша, АҚШ авиациясы ИМ-ге кіріс әкелетін мұнай инфрақұрылымы нысандарын оңай жоя алады. Алайда Вашингтон авиасоққыдан азаматтық тұлғалар зардап шегеді деген қауіппен мұндай қадамға әзірге бара алмай отыр.
АП агенттігі ИМ қосымша қаражатты ұрлық, адам саудасы, өтеуіне ақша алу үшін кепіл ұстау арқылы табатынын айтты.
Дереккөз: ҚазАқпарат