Атырау, 27 қараша 15:42
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қорғансыз жетімдер

3 695 просмотра

Фото: mahalla1.ruФотосурет: mahalla1.ruОблыстық прокуратура 2013-2014 жылдар ішінде жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүліктік құқықтарын қорғау жөніндегі заңнаманың сақталуына қатысты білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметінен заң бұзушылықтарды анықтады.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Гүлжан СҰЛТАНОВАНЫҢ айтуынша, атап айтқанда, мекеме басшылары мен заңды өкілдердің әрекетсіздігі нәтижесінде ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың пайдасына жалпы сомасы 14,96 млн теңгеге алимент өндірілмеген.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР Заңының 37-бабының 1-тармағындағы сот орындаушысы өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжаттың негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғауға міндетті деп қарастырылған міндеттер бұзылып, 51 сот шешімін сот орындаушысы іс жүргізуге қабылдамаған.

Үш баланың ата-анасына қатысты мәртебелер белгіленбеген, нәтижесінде балалардың пайдасына алименттерді өндіріп алу туралы шешім қабылданбаған.

Бес жағдайда балаларға тиесілі баспанаға қамқорлықты белгілемеу фактілері анықталды - бір жағдайда бала патронаттық тәрбиеге берілген, қалған балалар балалар үйінің тәрбиеленушілері болған.

Ал 2013 жылғы 29 қарашадағы Үкімет қаулысымен бекітілген «Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидаларының» 10, 11-тармақтарына сәйкес, өкілетті органдар балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру қажеттілігі туралы белгiлi болған сәттен бастап бiр ай iшiнде балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгiлейдi.

- Баспана осы балалардың иелігінде қалды, - деп түсіндіреді Г.Сұлтанова. – Сот оны сатуға тыйым салған. Өкілетті орган осы баспананың жағдайына бақылауды реттемеген. Ол жерде кімнің уақытша тұрып жатқаны және ол пәтер жалға берілуде ме, белгісіз. Егер жалға берілсе, онда түскен кіріс баланың есеп шотына аударылуы тиіс. Өйткені ол мүліктің қолданылуынан пайда алуы тиіс.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 71-бабының 1-тармағы бұзылып, 62 жетім бала мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар баспана алуға есепке қойылмаған.

- Балалар үйінен шыққаннан кейін баспана іздеп, көше кезіп сенделмес үшін бұл балалар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде есепке қойылуы тиіс. 2013 жылдың шілдесінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістердің негізінде азаматтардың осы санатына баспана кезектен тыс берілуі тиіс. Бүгінде облыс бойынша жеті жүзден астам жетім бала мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар баспана алу кезегінде тұр.

Г.Сұлтанованың айтуынша, қамқоршылардың атына жеке есепшоттардың уақытында ашылмауы және 13 қамқоршыға қамқорлық және қорғаншылық органдарының жәрдемақыны дұрыс аудармау фактілері анықталған. Нәтижесінде өткен жылдан бері олар жалпы сомасы 1 млн 446 мың теңге болатын жәрдемақыны алмаған.

Ал 42 қамқоршы мен қорғаншыға 26,8 млн теңге сомада жәрдемақы заңсыз тағайындалған. Облыстық прокуратураның тексеру жұмыстарының нәтижесінде өкілетті органдардың тарапына заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

15 қыркүйек 2014, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.