Қашағандық Солтүстік Каспий жобасының жаңа операторы «North Сaspian Joint Venture» (NCJV) компаниясы болмақ, ол қазіргі NCOC-ді («North Caspian Operating Company») ауыстырады.
Естеріңізге салсақ,Солтүстік Каспий жобасы бойынша Консорциум қатысушылары бірыңғай бірлескен компанияға көшу туралы үстіміздегі жылдың мамыр айында келісімге келген еді.
Сол кезде NCOC баспасөз қызметі осы мәселе бойынша баспасөз бетшесін таратқан еді: «Қашаған жобасының игеру кезеңінен өндіру кезеңіне көшуі оператор мен агенттердің алға қарай Консорциумның СКӨБК (Солтүстік Каспий бойынша өнімдерді бөлу туралы келісім) аясында ресурстарды игеруге дайындық мақсатында етене араласуына және бірігуіне мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті тиімді түрде пайдалану үшін консорциум қатысушылары біртіндеп қазіргі операциялық модельден бірыңғай шоғырланған біріккен компанияға бірігу туралы келісімге келді. Ол өз қызметінде NCOC мен агенттердің игеру, бұрғылау және қолдану саласындағы жетістіктерін пайдаланатын болады. Жаңа компания Консорциум қатысушылары әзірлеген, қазіргі қолданыстағы құралдар мен үдерістерді біріктіретін бірыңғай корпоративті басқару жүйесі аясында жұмыс жасайды. Бірыңғай шоғырланған біріккен компания North Caspian Operating Company (NCOC) деп аталуы мүмкін».
Ақпарат көздеріміз хабарлағандай, оператордың тіркелген жаңа атауы – NCJV. Оның бұрынғы оператордан (NCOC) басты айырмашылығы агенттік компаниялары болмайды. Бұл компаниялар қиын иерархиялық басқару жүйесі кесірінен үнемі жұмысты қиындатып, уақытын созбалайтын.
Естеріңізге салсақ, NCOC-да төрт агенттік компания болды. Бірінші агенттік компания AgipKCO (Консорциум акционері Eni-дің еншілес компаниясы) І кезеңді – Сынақтық-өнеркәсіптік әзірлемелер, бұрғылауды жүзеге асырды. Шелл Девелопмент Казахстан (Shell-дің еншілес компаниясы) ІІ кезеңді жоспарлау және әзірлеуді жүргізуі тиіс болатын. ЭксонМобил Қазақстан Инк. (ExxonMobil-дің еншілес компаниясы) ІІ кезеңдегі бұрғылау жұмыстарын жүргізуге жауап берді. ҚМГ мен Шелл біріккен кәсіпорын – NCPOC арқылы қалған барлық кезеңдерде өндірісті басқарады деп жоспарланған еді. Алайда, баршамызға белгілі, итальяндықтар І кезеңді тиісінше атқара алмады. Енді, не болса да, олардың қателіктерін барлық акционерлер бірлесе отырып түзейтін болар.
Жаңа оператордың пайда болуы туралы ҚР мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН кезінде былай деген болатын: «Бұл мердігерлердің, соның ішінде біздің бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап келген ұйымдастыру жүйесіне риза болмауымен байланысты. Бұл өте қымбат тұратын жүйе болды, ең бастысы, шешімдерді қабылдау және басқа да ұйымдастыруға байланысты басқа да сәттер ұзақ уақытқа созылды, өйткені иерархия өте күрделі болды және осының кесірінен қиындықтар мен уақыт созушылықтар туындады. Қазір бұл жүйе жеңілдетілді, өзара қарым-қатынастар жаңа нұсқада қайта жасалуда».
Мамыр айында болған брифингте Қарабалин жаңа операторды жасау бойынша барлық ұйымдастыру мәселелері осы жылдың қыркүйек айында аяқталады деген еді.
Ал компанияның атауына келетін болсақ, Joint Venture – Біріккен кәсіпорын деген мағына береді. Бұрын хабарланғандай, жаңа модельге көшу нәтижесінде СКӨБК-де және/немесе меншік құрылымында ешқандай өзгерістер болмайды.
NCJV басшысы болып осы жылдың мамыр айында ExxonMobil компаниясынан елімізге іссапармен келген NCOC басқарушысы директоры Стефан де МАЙЕ тағайындалады. Жаңа компания үш департаменттен құралады: «Фаза-1», бұрғылау және барлау департаменттері. Барлығының да штат саны аз болады.
NCJVкеңсесі Атырауда орналасады. Қызметкерлердің негізгі бөлігі Атырауға келуді күзде бастайды. Алғашқы кезекте басқару құрамы, техникалық мамандық иелері келеді.
Мұнай өндірісін мәжбүрлі тоқтату, сондай-ақ, мұнай және газ құбырларын толықтай ауыстыру жұмыстарына кететін шығындар күрт оңтайландыру мен көптеген департаменттерді қысқартуға мәжбүрлеп отыр. Қазір жұмыс жасап жатқан қызметкерлер саны үш-төрт есе қысқарады.
Осылайша, NCJV – 1998 жылдан бері санасақ, Солтүстік Каспий жобасының төртінші біріккен кәсіпорны.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
P.S. NCOC баспасөз қызметі біздің осы материалымыз azh.kzсайтына салынған күні-ақ өз жауабын беріп, бізге «БАҚ-қа арналған мәлімдемесін» жіберді (толықтай ұсынып отырмыз):
«СКӨБК қазіргі операциялық модельден біртіндеп бірыңғай біріккен компанияға көшіп жатыр. Жаңа компания NCOC және оның агенттерінің игеру, бұрғылау және қолдану саласында салған берік негіздеріне сүйенетін болады. Жоспарланып отырған көшу нәтижесінде өнімдерді бөлу келісімінде және (немесе) СКӨБК меншігі құрылымында өзгерістер болмайды. Жаңа біріккен компанияның атауы заңдылық процестері мен келісім үдерістері аяқталғаннан кейін жарияланады.
Компания жақында БАҚ беттерінде қате жарық көргендей NCJV деп аталмайды».
Мәлімдемеде «АЖ» материалында жарияланған жаңа басқару моделіне көшудің негізгі қағидаттары расталып отыр. Тек жаңа оператордың атауы ғана дұрыс емес делінген. Алайда бұл жерде «Көк теңіздегі жаттығу» («АЖ» 2014 жылғы 19 маусым №25) мақаласында NCOC басқарушы директорының орынбасары Жақып МАРАБАЕВТЫҢ газетімізге келесідей жауап бергенін естеріңізге саламыз: «Егер бұрын «оператор+агенттік компаниялар» байланысы болса, енді бұл NorthCaspianJointVenture(NCJV) шартты атауы бар бірыңғай компания болмақ. Алайда қызметтерді кері тағайындау болмайды».
«Компания NCJV деп аталмайды» деген ескертуді қаперімізге алайық. Мәлімдемеде көңіл аударатын тағы бір жайт – «заңдылық процестері мен келісім үдерістері» аяқталған жоқ деген тұжырым. Басталғанына жарты жыл болса да...