Атырауда тұңғыш рет садақ атудан қалалық чемпионат өтті.
Балықшыда орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені жанынан бір жыл бұрын ашылған садақ ату секциясына қатысушылар алғаш рет өздерінің мергендіктері мен ептіліктерін сарапқа салды.
«Мүгедектердің спорт клубы» КМК директоры Бауыржан ТАХАУОВТЫҢ бастамасымен ашылған секцияда қазіргі таңда дені сау адамдармен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да жаттығады – тірек қозғалыс жүйесі бұзылған, церебралды сал ауруына шалдыққан жандар үшін садақтан ату көп көмек көрсетеді.
Садақ ату секциясының жаттықтырушы-нұсқаушысы Руслан АЙТПАЕВ Атырауда ашылған спорттың жаңа түрі жөнінде айтып берді:
- Ашылғанымызға бір жылдай уақыт болды. Үлкен турнирлерге, жарыстарға әзірге бара қойған жоқпыз. Өткен жылы бастама көтерген жігіттер болып Шымкентте өткен халықаралық турнирге қатысып қайттық, жүлделі орын алған жоқпыз, дегенмен өзіміз үшін көп тәжірибе жинадық. Облыстық спорт бөлімінен қаржы бөлініп, Ресейдің Самара қаласынан кәсіби садақтар алып келдік. Садақшылардың алда жетістіктерге жететініне сенімдімін.
Осы күні сайысқа үш бала және 12 ересек адам қатысты. Ересектер арасында жүлделі І орын Қуаныш Зұлхашевқа бұйырды, екінші орынды болашағы жарқын ару Жадыра Кенесары олжаласа, үшінші орын Мұрат Шолақовқа бұйырды.
Балалар арасындағы сайыста жүлделі орындарды үшеуі олжалады – І орын Нұрасыл Серікқалиевте, ІІ орын Асима Асаналиде, ІІІ орын Арсен Серікқалиевте.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ