Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ көпбалалы аналарға алтын және күміс марапаттарды табыстады.
Ел президентінің жарлығы бойынша «Алтын алқамен» атыраулық көпбалалы аналар - өмірге жеті бала әкеліп, тәрбиелеген Райгүл ІЗБАСАРОВА, Светлана МЫРЗАҒАЛИЕВА жәнеРоза РАХМЕТҚАЛИЕВА марапатталды. Алты бала тәрбиелеген аналар «Күміс алқаны» иеленді. Олар: Шынар БИСЕМӘЛИЕВА, Сара МҰХАМБЕТОВА, Айгүл НҰРШАХАНОВА, Марта ОТАРҒАЛИЕВА.
- Келесі жылы сіздерге алтын марапаттар табыстаймын деп үміттенемін, - деп әзілдеді Нұрлыбек Ожаев.
Кейбір отбасыларда мұндай бала саны болмағанымен, олар басқалар үшін үлгі тұтарлық. Руслан мен Ирина ОСМАНОВТАР (суретте) 11 жыл бірге өмір сүріп, бірге еңбек етіп келеді. Олар «АЖЭО» кәсіпорнында Наурыз мерекесін тойлау кезінде танысыпты.
- Әріптестеріміздің бізді мінсіз отбасы деп есептеп, тіпті, марапаттауға біздің кандидатурамызды ұсынғаны біз үшін үлкен тосын сый болды, - әңгімелейді Османовтар.
- Біз тек жас отбасы ретінде ғана емес, көп балалы отбасы ретінде де марапатқа лайық болуға тырысамыз, - деді М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрының актері Әміржан НҰРЛАНҰЛЫ. Ол театр әртісі болып жұмыс істейтін жұбайы Гүлнұр ҚАЙЫРЛИЕВАМЕН бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Бұл күні Аманбек ЖҰМЫРОВ пен Айман ЖАНЗАҚОВАНЫҢ, Ерік ДҮЙСЕКЕН мен Гүлфара ҒАБДУЛЛИНАНЫҢ, Жұмахмет ДОСҚАЛИЕВ пен Әлия ДОСҚАЛИЕВАНЫҢ, Асылбек ӘБІЛҒАЗИЕВ пен Надежда МЫРЗАҒАЛИЕВАНЫҢ, Қайырғали ӘЗІЛОВ пен Гүлсезім ҚАНАРБАЕВАНЫҢ отбасылары да құттықтауларды қабылдады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор