Атырау, 27 қараша 15:29
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Концерт залын бұзып, көгалдандыру бағдарламасын алып тастау керек»

3 420 просмотра

Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ (суретте) Атырау қаласындағы сақалды құрылысқа айналған құны 3,8 млрд теңге болатын концерт залының орнына балабақша салуды ұсынды.

10 қыркүйекте өткен облыстық мәслихаттың 24-сессиясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Елтай ҒАЛЫМЖАНОВ Нұрсая ықшамауданындағы құрылысы аяқталмаған 1200 орындық концерт залын тексеру қорытындысы туралы хабарлады.

- Салынып жатқан нысан құрылымы 70 пайызға тозған, құлау қаупі төніп тұр. Құрылысты жалғастырудың мәнісі жоқ – нысанды күреу керек, - деп сөзін түйіндеді Ғалымжанов.

Ізмұхамбетов сөз алып, концерт залын салу идеясы әуел бастан-ақ қателік екенін айтты.

- Облыстық драма театры 600 орынға есептелген. Біз оған жылына, әрі кеткенде, он мәрте жиналамыз. Халық келмеген кезде бос орындарды студенттермен толтыруға тура келеді. Ендеше, бізге 1200 орындық концерт залының қажеті қанша? Тек Алла Пугачева келетін болмаса...

Жанынан «Шеврон» компаниясы Оқушылар сарайын салмақшы. Бізге концерт залы не үшін керек? Концерт залының құрылысын аяқтауға жұмсалатын ақшаға 4 үлкен ғимарат салуға болады. Ескеріңіздер: биылғы жылғы облысты дамыту бюджеті 48 млрд теңгені құрайды, ал, келер жылы бар болғаны 15 млрд теңге бөлмек. Сұрасақ – тағы 5 млрд теңге берер, бірақ одан көп бермейді. Ештеңе сала алмаймыз....

Концерт залын бұзып, содан соң тексеру жүргізіп, материалдарының қайсысын пайдалануға болатынын қарау керек деп есептеймін. Іргетасын күреудің қажеті жоқ. Біз осылайша 400 млн-нан астам теңгені үнемдейміз. Қанеки, балабақша салайық... Бұдан басқа, концерт залы бөгденің жеріне заңсыз салынған. Қожайынына басқа жерден жер телімін бөліңіздер...

Содан соң Ізмұхамбетов құны 2,2 млрд теңге болатын 2014-2016 жылдардың Атырау қаласын көгалдандыру бағдарламасына вето қойды. Көшеттердің жерсінуіне қатысты, ол әуежай тасжолының жиегіндегі жасыл көшеттерді Алдар Көсенің сақалына ұқсатты.

- Сіз осы бағдарлама бойынша тендер әлі өткізілген жоқ дедіңіз бе?  - деп сұрады ол қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВҚА қарап. – Бағдарлама шеңберінде қаланың 27 учаскесіне 67 мың көшет отырғызылатын болады. Ал, сіз оны немен суармақсыз? Алдымен суару жүйесін салу керек. Біздің өңірімізде көшеттердің көпшілігі суарылғаннан кейін топырақ бетіне тұз шығатындықтан өспей қалады. Тамшылатып суару жүйесінің арқасында біз ауыл шаруашылығында шынайы табыстарға қол жеткіздік. Қанеки, бұл тәжірибені де осы жерге қолданайық. Ойланып, бұл бағдарламаны қайта жасаңыздар.

Содан соң облыс әкімі бұрын бөлініп, қазір қолданылмай тұрған фермерлік алқаптарды мемлекет қорына қайта алу қарқынының төмендігі үшін аудан әкімдерін сынға алды.

- Бұл - ел президентінің нұсқауы, оны орындау керек. Жерді алу жұмыстарын тездетпесеңіздер, жұмыстан шығарамын, ал, егер жерді заңсыз үлестіретін болсаңыздар, сотқа беремін.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.