Нидерланды ғалымдары жергілікті әуежайларды топтасқан шағалалар мен үйректерден қорғайтын робот құстардың жобасын ойлап тапты, деп хабарлайды NL Times.
Осы елдегі Твенте қаласы университетінің қызметкерлері арнайы ителгілер мен бүркіттердің жобасын жасады. Олардың міндеті әуежай аумағында қаптай ұшатын құстарды үркіту болмақ. Айта кетер болсақ, Нидерландыда көп жылдан бері көлік желілеріне жақын маңға топтаса ұя салатын құстар, әсіресе ұшақтардың ұшып-қонуына кедергі келтіруде.
Университет ғалымдарының пайымдауынша, робот құстар бұл проблеманы шешетін болады. Олар жыртқыш құстардың даусын айнытпай салады. «Біздің құрастырған ителгілер мен бүркіттерге ұқсас роботтарымыз бұл жерде өздерінің қожайын екендіктерін білдіріп шағалалар мен үйректердің соңына түсіп қуатын болады»,-дейді жоба авторлары.
Темір қанатты жыртқыштар Твентедегі үнемі шағалалар жиналатын қоқыс тасталатын жерде сынақтан сәтті өтті. Роботтар осы аумақта күзетке шыққаннан соң олардың қатары күрт азайған. Инженерлер 2015 жылдан бастап электронды ителгі мен бүркіт роботтарды фермалар мен әуежайларда пайдалана бастауды жоспарлап отыр.
Дереккөз: ҚазАқпарат