4 қыркүйекте облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бастамасы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы Атырау мұнай құбыры басқармасының (АМБ) аумағында баспасөз туры болып өтті.
Журналистер АМБ бас инженері Арыстанбек ЖӘҢГІРОВТЕН қазіргі уақытта жүріп жатқан Атырау қаласының солтүстік өнеркәсіп аймағының маңындағы «Өзен-Атырау» мұнай құбырының 663-ші шақырымы» мұнай айдау стансасын (МАС) қайта жарақтау жұмыстарының барысы туралы сұрастырды.
Арыстанбек ЖӘҢГІРОВ- Стансаны қайта жарақтау нәтижесінде 2016 жылға қарай біз мұнай реверсін, яғни, оны кері бағытта қайта айдауды жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткіземіз. 2003 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін біз «Кеңқияқ - Атырау» мұнай құбыры арқылы мұнай айдаймыз, бірақ тасымалдау көлемдері жыл сайын азайып жатыр. Өйткені Қазақстан мұнайды Қытайға жеткізе бастады. Яғни, тасымалданатын шикізаттың басым бөлігі қазір «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбыры арқылы «Атасу - Алашанькой» мұнай құбырына кетіп жатыр, - деп түсіндірді мұнай құбыршысы.
Жәңгіровтің айтуынша, МАС-ты қайта жарақтау жобасының аясында заманауи технология бойынша 8 жаңа резервуар салынатын болады. Резервуар паркінің жалпы көлемі 140 мың текше метрге дейін жеткізілмек. Бұдан басқа, тірек және магистралды сорғы стансасы салынады. Олар мұнайды Атырау МӨЗ-іне де айдау үшін бірыңғайландырылады. Қазір зауыт МАС-тан негізінен төрт миллион тоннаға дейін Маңғыстау мұнайын алып отыр.
Сонымен қатар, заманауи тазарту қондырғысы, буландыру алаңы, мұнай қыздыратын үш пеш, сорғылық өрт стансасы және т.б. салынады.
- 2016 жылға қарай біз қайта жарақтауды аяқтауға тиіспіз. Егер бұйрық берілсе, мұнайдың бүкіл ағымын Қытай тарапына бұрамыз. Бұл жерде Атырау мұнайы да болады. Біз – таксист секілдіміз, бізге қай жерді айтса, сол жерге жеткіземіз. Сол жерге Қашаған мұнайының бір бөлігі де барады деп болжаймын, - деді Жәңгіров.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ