Мариуполь қаласының маңы. Украина, 4 қыркүйек 2014 жыл. Кейбір ақпараттар бойынша, украин әскері мен ресейшіл сепаратистер Мариуполь маңында ұрыс жүргізіп жатыр. Сепаратистер бақылауындағы Новоазовск қаласынан Мариупольге қарай баратын жол бойын атқылаудан шыққан түтін басқан. Мариупольге сепаратистердің танктері мен бронды техникалары кіргені жайлы да ақпараттар түсіп жатыр.
Соңғы бірнеше күнде әскерилер мен жергілікті тұрғындар қаланы қорғауға дайындалған. Украинаның БҰҰ-дағы елшісі Юрий Сергеев Мариупольге жасалған шабуылдың тойтарылғанын, бірақ ұрыс жалғасып жатқанын хабарлады.
Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Александр Данилюктің айтуынша, сепаратистер біраз адам шығынына ұшыраған. Украиналық телеарналардың бірі украин әскерилері жағынан да құрбан болғандар барын хабарлады.
Дереккөз: Азаттық радиосы