Кимономен де, белдікпен де күреседі
Атыраулық спортшы Эльмира САМИҒОЛЛАЕВА (суретте) ресейлік Ульяновскіде өткен белдесе күресуден жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Жеребе жолдас болып, Эльмира алғашқы белдесуін жартылай финалдан бастады. Бұл айқаста ол Түркіменстан өкілін 9:3 есебімен ұтса, финалда кілем қожайыны – Ресей құрамасының өкілін 6:0 есебімен ойсырата жеңді.
Батыр қызымызды Мержан Есмағамбетов жаттықтырады. Эльмира - самбодан 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, дзюдодан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы және белдесе күресуден 2014 жылғы Қазақстан чемпионы.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Көзсіз де күресуге болады
Екі ай бұрын «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК-да зағип мүгедектер үшін дзюдо секциясы ашылды. Міне, жаңалық: клуб спортшылары Әнуар САРИЕВ (60 келіге дейін) пен Сунат ЖАҚСЫЛЫҚ (73 келіге дейін) осы күндері америкалық Колорадо-Спрингс қаласында басталғалы отырған әлем чемпионатына жолдама алды.
Жігіттердің жаттықтырушысы Мержан ЕСМАҒАМБЕТОВ былай дейді: «екі спортшы да ең жоғары орындар үшін күресуге дайын. Әнуар 2012 жылы апатқа тап болғанға дейін самбодан Қазақстан чемпионатының 4 дүркін қола жүлдегері болған. Сунат - дзюдодан облыс чемпионы, бірнеше турнирлердің жеңімпазы. Ол алыстан көрмейді. Олар шілдеде Астана қаласында оқу-жаттығу жиынынан өтті. Әлем чемпионатында көрсеткен нәтижелері бойынша үстіміздегі жылдың қазан айында Оңтүстік Кореяда өтетін Паразиаттық ойындарға қатысу мәселесі шешіледі.
Әнуар мен Сунаттың әлем чемпионатына қатысуы мүгедек балалардың дзюдомен айналысуына түрткі болары сөзсіз. Біз өз тобымызға балаларды жинау үшін Атырау қаласындағы зағип балаларға арналған мектепке хабарласпақшымыз.
***
Жас палуанның қоласы
Атыраулық грек-рим күресінің жас өкілі Евгений ПОЛИВАДОВ (суретте) қытайлық Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиадалық ойында қола жүлдегер атанды.
Ол алған жүлде – осы спорт түрінен Қазақстан құрамасы алған жалғыз медаль. Бірінші белдесуінде палуанымыз мысырлық спортшыны 8:0 есебімен тізе бүктірсе, содан кейін өзбекті 3:0 есебімен жеңді. Келесі кездесуінде ол әзірбайжандықтан ұтылып қалды, есеп – 0:2. Ал, «қола» үшін болған айқаста Германия құрамасының өкілімен терезесі тең өнер көрсетті. Белдесу 4:4 есебімен тең аяқталғанмен, төрешілер белсенділігі үшін жеңісті Евгенийге берді.
Евгенийді әкесі Александр Поливадов жаттықтырады (2-БЖСМ). Жас палуан 2014 жылы келесідей жүлделерге қол жеткізді: ақпанда Қазақстан чемпионы болса, мамырда Азия чемпионы атанды.
Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды
***
Моңғол Алтайынан келген алтын
Аға жаттықтырушы Қанат ОРАҚБАЕВ басқарған облыс құрамасы Моңғолиядағы қазақ аймағының астанасы Баян-Өлгейде өткен «А» дәрежелі халықаралық турнирге қатысты.
Атыраулық алты боксшының үшеуі сәтті өнер көрсетті: Рахман ӘЛЖАНОВ (91 келіге дейін) «алтыннан» алқа тақса, Тоқтар ОСПАН мен Есенаман ШҰНҒАРИН (екеуі де 81 келіге дейін) қолаға қол жеткізді. Жарысқа бару қараша айында Алматы қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындық аясында жүзеге асырылды.
Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды
***
Жеңісті екі легионер әкелді
29 тамызда «Судоремонтник» стадионында футболдан ел чемпионатының 24-туры аясында «Атырау» павлодарлық «Ертісті» 2:1 есебімен ұтты.
Ойынның көп бөлігінде алаң иелері басымдық көрсетті. Бірінші таймның соңғы секундтарында «Атыраудың» шабуылшысы Доминик Адийя гол соқты. Ойынның 54-минутында серб Милош Трифунович есепті еселеді. Ойынның соңына қарай алаң иелері сәл бәсеңсіп, сылбыр ойынға көшті. «Атырау» қорғаушысы Майкл Одибе өз айып алаңының шетінен ойын тәртібін бұзды. Стандартты жағдайды «Ертіс» шабуылшысыИгор Бурзанович мүлтіксіз орындады.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Бассейн бар - чемпиондар да болуы керек
30 тамызда орталық жүзу бассейнінде Конституция күніне арналған Атырау қаласының ашық біріншілігі өтті.
Жеңімпаздар: еркін стильмен 50 м және 100 м жүзу – Виолетта Шильман, 50 м баттерфляй және 50 м еркін стильмен жүзу – Жәнібек Мүбинов, 50 м арқамен және 100 м кроль – Әділхан Жауыр, 50 м брасс және 100 м брасс – Эмма Зайнуллина.
Облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Дамир ЕСЕНҚҰЛОВТЫҢ айтуынша, жазғы каникул кезінде жаттығу жасамаса да, балалар жақсы өнер көрсеткен. 2015 жылдың қаңтар және ақпан айларында облыс құрамасы Қостанай мен Көкшетауда өтетін турнирлерге қатысады.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
АМӨЗ спортшыларға қалай көмектесуді біледі
- Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ҚР ұлттық құрамасына кіретін спортшылар мұнай саласы кәсіпорындарына жұмысқа алынатын болады, - деп мәлімдеді ҚР құрамасы мүшелері Евгений Поливадов және Азамат Өміржановпен кездесуінде «АМӨЗ» ЖШС директоры, облыстық күрес федерациясының президенті Қайрат ОРАЗБАЕВ.
Естеріңізге салсақ, Е. Поливадов үстіміздегі жылдың тамыз айында Қытайдың Нанкин қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы І Жазғы олимпиадалық ойындарда грек-рим күресінен қола медаль алған болатын. Ал А. Өміржанов Қазақстан чемпионаты мен Кубогына жеңімпаз атанып, қыркүйек-қазан айларында оңтүстіккореялық Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарына қатысу құқығына ие болды.
Қ. Оразбаев атыраулық құрама мүшелері еш нәрседен тарықпауы керектігін атап өтті. Сондықтан да ол екеуін АМӨЗ-бен әріптес мұнай кәсіпорындарына 100 мың теңге мөлшерінде жалақысы бар қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесші ретінде жұмысқа кіргізіпті.
- Бұған облыстық күрес федерациясының материалдық қамтамасыз етуін қосыңыз. Сонымен қатар, олардың (спортшы-кеңесшілердің) жаттығу жасауға уақыттары жеткілікті болады, – деді АМӨЗ басшысы.
Ол осыны айта келе, жаттықтырушылардан Е. Поливадов, А. Өміржанов, грек-рим күресінен студенттер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Илья Насточенко мен еркін күрестен Қазақстан чемпионы Айдарбек Баймұратовтардың құжаттарын тезірек жинап берулерін өтінді.
Содан кейін Қ. Оразбаев Е. Поливадовқа салтанатты түрде 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық салынған конверт тарту етті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ