Атырау, 27 желтоқсан 17:43
 ашықВ Атырау -4
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Еңбек дауы сотпен шешіледі

2 331 просмотра

– Мен ұзақ уақыт бойына Алматы қаласында тіркелген ірі АҚ-лардың бірінің атыраулық филиалында жұмыс істедім. Еңбек келісім-шарты жергілікті филиалмен жасалды. Филиал толыққанды жұмыс жүргізетін және оның өзінің мүлкі (көлігі, жылжымайтын мүлігі) бар болатын. Мен жұмыстан кеткеннен кейін ақырғы есеп-айырысуға қатысты дау туындады. Сотқа бермекші едім, бірақ маған ол үшін Алматы қаласына барып, талап арызды сол жерге беруге тура келетінімді, өйткені АҚ-ның бас кеңсесі Алматыда екендігін айтты. Айтыңызшы, менің еңбек дауымды Алматы қаласында қарау міндетті ме, әлде осы жерден, Атыраудан талап-арыз беруіме бола ма?

Телефон арқылы

СұраққаАтырау облыстық сотының судьясы Гүлмира ИСАМБЕРЛИЕВА жауап берді:

– Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 31-бабына сәйкес, талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылады

Осы кодекстің 32-бабының 2-, 3-тармақтарына сәйкес, заңды тұлғаға да талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша қойылуы мүмкін. Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылса керек. Осы баптың 8-ші тармағында талап қоюшының жалақыны, зейнетақы мен жәрдемақыны өндіріп алу туралы талаптар қою, талап қоюшының мекен-жайы бойынша еңбек құқықтарын қалпына келтіру туралы талаптар қою құқығы қарастырылған.

Заңның аталмыш нормаларына сәйкес, оқырман өз мекен-жайы бойынша (қалалық немесе аудандық сотқа) немесе АҚ филиалы орналасқан жер бойынша (Атырау қалалық сотына) талап арыз бере алады.

21 шілде 2011, 01:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.