Жилгородоктағы ретро паркты ашу алда келе жатқан Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына арналған бірқатар іс-шаралардың басталуын білдірді.
Ардагерлер жиналатын осындай жанға жайлы орын жасау идеясын майдангерлердің өздері ұсынған еді. Билік тек осы ойды жүзеге ғана асырды, алайда, мойындау керек, шын ниеттерімен орындағаны көрініп тұр. Саябақтың атауы келушілер сезінетін ауанмен астасып жатыр. Үрмелі оркестр өткен ғасырдың ортасындағы әйгілі әуендерді ойнауда. Қонақтарды пионерлер қызыл галстукпен қарсы алды. Саяжолдардың бірінде В.И. Лениннің шығармалар жинағы жиналған кітап сөрелері қойылған, шағын үстел үстінде ескі патефон, дискілі телефон, су ішетін құты және кезінде әскерилер ұстаған тозығы жеткен планшет-сөмке орын алған. Әйнек астында «Өзгенің бір тұтам да жері керек емес, бірақ өз жерімізден бір пұшпақ та бермейміз» деген ойып жазылған жазуы бар темекі қорабы тұр, ал қорап ішінде папиростар емес, патрон салынған. Бұл жерде, сондай-ақ, кезінде балыққа бай өлкемізде «Уха Каспийская рыбацкая», «Плов из осетровых рыб», «Фарш рыбный с рисом «Гурьевский»», «Натуральные молоки осетровых рыб», «Севрюга в томатном соусе», «Осетр в томатном соусе», «Судак в томатном соусе», «Кильки в томатном соусе», «Котлеты рыбоовощные» аттарымен әйгілі болған консерві өнімдері де қойылыпты. Ағаш көлеңкесі астында ер адамдар дойбы мен шахмат ойнап жатыр. Жақын жерде жерге төселген киіз үстінде әйелдер ұршық иіріп, жүн шұлық тоқып отыр. Әр жерден солдаттар мен матростар да кездеседі. Дәл осы күні қонақтарға солдат ботқасын тасып жүрген қыздар да кезіндегі кеңестік буфет қызметкерлерінің киімін киген: ақ алжапқыш және бастарында сол баяғы ақ телпектері. Ең бастысы, концерттік бағдарлама тек ардагерлердің сүйікті әндерінен құралған.
- Осындай ардагерлер кездесуі тұрақты түрде, әр айдың соңғы сәрсенбісінде өткізіліп тұратын болады. Кездесулерді ұйымдастыруға облыс кәсіпорындары көмектеседі. Сонымен қатар, әр айды біз Кеңес Одағы батырларына арнайтын боламыз. Ең алдымен Боран НЫСАНБАЕВТАН бастаймыз,- деді Атырау әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ.
Саябақ орны мұқият таңдалды: қаланың тарихи ауданы, жасыл теректері көп, өзеннен де алыс емес. Мәдениет үйінің жақындығы да өз рөлін ойнады. Ауа райы қолайсыз болғанда, ардагерлер кездесуі осы мәдениет үйінде өтеді.
Жеңістің 70 жылдығына арнап билік әзірлеген іс-шаралар кешені әлеуметтік, мәдени, ұйымдастырушылық және іздеу жұмыстары сияқты 4 блокқа бөлінген 100 тармақтан тұрады. Қазіргі уақытта, мысалы, әскерге шақыртылғандар туралы деректердің барлығы электронды нұсқаға көшірілуде.
- Кеңес Одағының құпия жарлығы бойынша біздің облыс соғыс қимылдары аймағы тізіміне кірген. Соғыс кезінде Ембі аймағы майданға жанар-жағар май материалдарының аса қажеттігіне байланысты айрықша аймақтар қатарына кірді. Сол бір қорқынышты аштық кезінде «Гурьев - Астрахан» темір жолы әйелдер мен балалардың күшімен салынды. Ардагерлеріміздің атынан соғыс жылдарынан естелік монументін салу туралы ұсыныс келіп түсті. Бізде, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандарға арналған мемориалдық тақта да жоқ. Біз оны мерейтой қарсаңында Жеңіс саябағында орнатамыз деп жоспарлап жатырмыз, - деді облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ.
Естеріңізге салсақ, Гурьев облысынан соғысқа 42 мыңнан астам адам кеткен, оның 13 мыңы қайтып оралмады. Қазіргі уақытта облыста 93 Ұлы Отан соғысы ардагері тұрады, олардың 56-сы Атырау қаласында.
Облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы Қатимолла РИЗУАНОВҚР алғашқы қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Қазақстан халық қаһарманы Сағадат НҰРМАҒАМБЕТОВТЫҢ атындағы медальді облысымызға танымал адамдар, өңіріміздің дамуына зор үлес қосқан Есен ТАСҚЫНБАЕВҚА, Айдын АЙТҚАЛИЕВҚА, Орынғали ҚАРАСАЕВҚА, Қайыр ОМАРОВҚА табыс етті.
- Бұл жас жігіт соғысқа қатысқан жоқ, алайда қаза болған батырлардың атын мәңгілікке қалдыру жолында көп күш жұмсады. Оның еңбегі де марапатқа лайық, - деп Қатимолла аға атыраулық іздеуші Талғат ІЛИЯСОВТЫ («АЖ» Талғат жасаған Атырау облысы ардагерлері жөнінде бейнебаяндар туралы бірнеше рет жазған («АЖ» 9.05.2013 күнгі №19 «Талғат Ілиясовтың абыройлы ісі», 2013 жылғы 28 қарашадағы №48 «Тағы да қазақстандық жауынгер туралы» мақалаларын қараңыз)жиналғандарға таныстырды. Ресми бөлімнен кейін би басталды. Өткен жылдар мен сырқырауларды ұмытқан ардагерлер жас кездеріндегі әуенге шыр айнала биледі.
- Денсаулығымыз мүмкіндік бергенше, кездесіп тұрамыз, - деді маған би лаңының ортасына аяңдап бара жатқан ардагер Николай СЛАВОВ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ