ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (ҚР ҚС және АЕК) Атырау облысы бойынша басқарма басшысы, аға заң кеңесшісі Болат ТАЗАБЕКОВ оқырмандардың сауалына жауап береді:
- Мемлекеттік қызметкер болып жұмысқа орналасайын деп едім, алайда құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті маған 2011 жылғы болған оқиға көрсетілген анықтама беріп отыр. Мені есептен қашан шығарады?
azh.kz сайтынан
- ҚР ҚС және АЕК және оның аумақтық органдарында тегі бойынша, дактилоскопиялық және іздеуді есепке алу тәртібін Арнайы есепке алудың жекеленген түрлерін жүргізу және пайдалану қағидасы реттейді. Қағидаға сәйкес, ҚР ҚС және АЕК тегі бойынша картотекаларында есепке алу құжаттары соттылығын жою немесе алып тастау мерзімдеріне қарамастан сақталады. Сақтау мерзімдері біткеннен кейін тегі бойынша картотекадан құжаттар алынып, ҚР ҚС және АЕК арнайы мұрағат қоры санатына көшіріледі. Алайда мәліметтер автоматтандырылған деректер базасынан кетірілмейді. Арнайы есепке алуды жүргізу мемлекеттік және басқа да органдар мен ұйымдарды ақпараттық қамтамасыз етуге арналғандығын, бұрын сотталған немесе қылмыстық жауапкершіліктен ақталмайтын негіздер бойынша босатылған тұлғалардың құқық қорғау және әскери қызметке кіруіне, сондай-ақ, бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған тұлғаларды мемлекеттік қызметке кіруіне шектеулер енгізуге қатысты заңнамаларға енгізілген өзгерістерді есепке ала отырып, ҚР ҚС және АЕК және оның аумақтық бөлімшелері талаптар мен сұраныстарды тексергенде, арнайы есепке алудың барлық мәліметтерін, соның ішінде ҚР ҚС және АЕК арнайы мұрағат қорындағы деректерді соттылығын жою, алып тастау мерзімінен, жазаға тарту күніне қарамастан көрсетеді. Әрі қарай құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары ұсынған ақпараттық-анықтамалық есепке алу мәліметтері қолданыстағы заңнамаларға сәйкес қолданылуы тиіс. Мемлекеттік қызметке кіру тәртібіне түсінік алу үшін сізге ҚР Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттігіне хабарласуыңыз қажет.
Егер ҚР БП ҚС және АЕК ұсынған мәліметтерді мемлекеттік органдар немесе басқа да ұйымдар заңнамалар талаптарын бұза отырып пайдаланса, олардың әрекеттеріне сотқа шағымдана аласыз.
-2010 жылы үш жылға шартты түрде сотталдым, қазір жұмысқа кіру үшін соттылығымның жоқтығы жөнінде анықтама сұрап отыр. Менің осы нақты жағдайымда және жалпы қандай жағдайларда соттылықты алып тастайды?
Телефон арқылы
- Соттылықты алып тастау және жою тәртібі ҚР Қылмыстық Кодексінің 77 және 86-баптары арқылы реттеледі. Жеке тұлғаларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуді ҚР БП ҚС және АЕК аумақтық органдары «ҚР БП ҚС және АЕК есептері бойынша адамның қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметтер стандарттарына сәйкес жүзеге асырады және осыны негізге ала отырып, тұлғаның қылмыс жасағаны туралы барлық мәліметтерді соттылығының алынып тасталғанына немесе жойылғанына қарамастан береді.
- 2011 жылы маған қатысты ҚР ҚК-тің 175-бабы 1-тармағы («Ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыстық іс тараптардың келісімі бойынша тоқтатылды. Бұл соттылық белгілі бір уақыт өткеннен кейін жойыла ма? Мен енді мемлекеттік қызметке кіре аламын ба?
azh.kz сайтынан
- Қолда бар ақпараттарға сәйкес, сіз ҚР ҚК-тің 175-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 15.06.2011 күні Шығыс Қазақстан облысы Шемонаихинск сотының шешімімен ҚР ҚК-тің 67-бабы 1-тармағы негізінде, яғни, ақталмайтын негіз бойынша қылмыстық іс тоқтатылған. ҚР ҚК-тің 77-бабына сәйкес, жазадан босатылған тұлға соттылығы жоқ деп танылады. Сонымен қатар, арнайы есепке алулар жүргізу мемлекеттік және басқа да органдар мен ұйымдарды ақпараттық қамтамасыз етуге арналған. Алайда мәліметтер автоматтандырылған деректер базасынан кетірілмейді. Арнайы есепке алуды жүргізу мемлекеттік және басқа да органдар мен ұйымдарды ақпараттық қамтамасыз етуге арналғандығын, бұрын сотталған немесе қылмыстық жауапкершіліктен ақталмайтын негіздер бойынша босатылған тұлғалардың құқық қорғау және әскери қызметке кіруіне, сондай-ақ, бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылған тұлғаларды мемлекеттік қызметке кіруіне шектеулер енгізуге қатысты заңнамаларға енгізілген өзгерістерді есепке ала отырып, ҚР ҚС және АЕК және оның аумақтық бөлімшелері талаптар мен сұраныстарды тексергенде арнайы есепке алудың барлық мәліметтерін, соның ішінде ҚР ҚС және АЕК арнайы мұрағат қорындағы деректерді соттылығын жою, алып тастау мерзімінен, жазаға тарту күніне қарамастан көрсетеді. Егер ҚР БП ҚС және АЕК ұсынған мәліметтерді мемлекеттік органдар немесе басқа да ұйымдар заңнамалар талаптарын бұза отырып пайдаланса, олардың әрекеттеріне сотқа шағымдана аласыз.
Мемлекеттік қызметке кіру тәртібіне түсінік алу үшін сізге ҚР Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттігіне хабарласуыңыз қажет.
- Мен бұрын Жоғары сотқа хабарласқам, ол жерден маған мынадай жауап келді: «ҚР ҚК-тің 77-бабы 3-тармағына сәйкес соттылық: а) шартты түрде сотталған адамдар жөнiнде - сынақ мерзiмi өтуi бойынша; б) әскери қызмет бойынша шектеу немесе қамау түрiнде жазасын өтеген әскери қызметшiлер жөнiнде - iс жүзiнде жазаны өтеу бойынша; в) бас бостандығынан айырумен салыстырғанда жазаның неғұрлым жеңiл түрiне сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн бiр жыл өтуi бойынша; г) кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өтуi бойынша; д) ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өтуi бойынша; е) аса ауыр қылмысы үшiн сотталған адамдар жөнiнде - жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өтуi бойынша жойылады. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, сот оның өтiнiшi бойынша соттылықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан соттылықты алып тастай алады. Соттылығыңыздың жоқтығы туралы анықтама алу үшін ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне арыз жазуыңыз керек». Менің қолымда соттың соттылықты алып тастау/жою туралы шешімі бар, алайда бас прокуратураның филиалында анықтамада сотталғаныңыз туралы мәліметтер міндетті түрде көрсетіледі деп мәлімдеді. Мен «сотталмаған» деген анықтама ала алам ба?
azh.kz сайтынан
- Бұрын бекітілген «Соттылығы болуы не болмауы туралы анықтама беру» мемлекеттік қызметтер стандарттары аясында ҚР ҚК-тің 77-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың өтініштері бойынша тек соттылығы болуы немесе болмауы туралы мәліметтер беріліп келді. 2014 жылғы 17 мамырда ҚР Үкіметінің №505 Қаулысымен жаңа «ҚР БП ҚС және АЕК есептері бойынша адамның қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметтер стандарттары бекітілді. Енді адамның қылмыс жасағаны туралы мәлімет жойылғанына немесе алынып тасталғанына қарамастан анықтамада көрсетіледі және оған тұлғаның айыпкер ретінде сотқа тартылғаны, қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылғандығы, сондай-ақ, ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғандығы туралы ақпараттар қосылады. Азаматтар бұл анықтаманы өз істерінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары ұсынған мәліметтерді қолданыстағы заңнамаларға сәйкес пайдаланған жөн.
Құжаттарды қабылдау және қорытындылар беру тұрғылықты жер бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Электрондық сандық қолыңыз (ЭСҚ) бар болса, анықтаманы электронды үкімет сайтына сұраныс беру арқылы алуға болады.