Алақол турфирмаларға қатысты жанжалдардан соң, әсіресе 900-ге жуық қазақстандық турист қызметінен зардап шеккен «Гүлнәр Тур» фирмасынан кейін ҚР үкіметі «Туристік қызмет көрсету туралы» заңына өзгертулер енгізді. Бұл өзгертулер жайында Атырау облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінде өткен дөңгелек үстелде айтылды.
Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш БЕКБАЕВАқызметін жүзеге асыруға лицензия алған әрбір туроператордың банктегі депозиттік есепшотында, кем дегенде, 200-250 мың доллар көлемінде қаражаты болуы тиіс деп санайды. Және ол банкпен келісімшартқа отырған уақытта ақшасын белгілі бір мерзімге дейін алмайтынын растауы керек.
- Бұрын елімізде туроператор мен турагенттіктерге лицензия бөлек берілетін, - дейді ол. -2012 жылы «Туристік қызмет көрсету туралы заңға» өзгертулер енгізілгеннен соң турагенттіктерге лицензия алу міндетті емес болып қалды. Бұл - туризмді дамыту үшін жасалған шара. Туроператор турпакетті дайындаушы, ол әуе тасымалын, қонақ үйді дайындау жұмыстарын, тамақтану, сақтандыру, экскурсияларды, визаларды дайындауды ұйымдастыратыны мәлім, ал, турагенттіктер дайын турөнімді сатушылар ғана.
Ал, жиынға қатысқан қаламыздағы турфирмалардың өкілдері турагенттіктерге лицензия беруді қайта іске қосу керектігін және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторийге қарамастан, туризм саласын бақылаушы органның тексеріп тұруы қажеттігін айтты.
- Кез келген адам кеңсені жалға алып, 1-2 компьютер қойып, турпакет сата бастайды делік. Оның туризм саласында білімі жоқ, ол бұл саланы мүлдем білмеуі мүмкін. Сұрақтар туындаған жағдайда ол жауап бере ала ма? Сондықтан агенттіктерге лицензия беріп, ол жерде кәсіби білімі бар кадрлар жұмыс жасауы керек деп ойлаймын, - дейді жергіліктітурфирма директоры Бахыр КЮРШАД.
«Гүлнәр Тур» фирмасына қатысты да сөз болды. Атырауда бұл фирмадан жолдама сатып алған 97 адам Түркияға демалуға ұша алмаған.
- Сол97 адам бұл жағдай үшін Атырауда жүріп фирманы сотқа бере алмайды. Себебі, олардың бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан, оларға сол жерге баруға тура келеді, бірақ ол қосымша шығын, - дейді Қ.Бекбаева.
РЕЗЕРВАТ ШАҚЫРАДЫ
«Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты» РММ экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Жанәділ МҰРАТУЛЛИНАтырау облысындағы туризмнің мүлде дами алмай тұрғанына тоқталды.
- «Ақжайық» резерваты биыл ЮНЕСКО шешімі бойынша халықаралық статусқа ие болды. Біздің резерватта төртэкологиялық маршрут жұмыс жасайды. Жақында біздер демалушыларға арнап қайықтар, велосипедтер, киіз үйлер сатып алдық. Басқа да қажетті жабдықтар бар. Бірақ облыс тұрғындары бұл туралы білмейді. Біз алдағы уақытта қаладағы турфирмалардың өкілдерімен резерватқа экскурсияға шығып, олармен келісімшарт жасауды жоспарлап отырмыз, яғни, олар Атырауда да жақсы демалуға болатынын тұтынушыға жеткізеді. Дәл жанымызда Каспий теңізі тұрғанда шетелге шығып не қажеті бар?
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА