Атырау, 23 қараша 12:47
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Времянка» да баспана

2 505 просмотра

Кеңөзек селолық округіне қарасты Алғабас ауылында облыстық Әділет департаментінің құрылымдық бөлімшелері мен жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар өкілдерінен құралған ақпараттық-насихаттық топ тұрғындармен кездесті.

Ақпараттық-насихаттық топпрезидент 2014 жылғы 30 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды кеңінен насихаттап, қаржы мен мүлікті заңдастыру қағидаттарын түсіндірді.

Мүлікті жария ету мерзімі 2014 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2015 жылғы 30 қарашада аяқталады. 2017 жылдан бастап ел азаматтары ортақ декларация тапсырады. Сол мезгілде азаматтардың тасада ақшасы не мүлкі болған жағдайда олар қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Аталған заң сол уақытқа дейін қаржыңызды заңды айналымға шығарып, мүлкіңізді заңдастыруға мүмкіндік береді. Мүлікті жария ету дегеніміз - табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және (немесе) ҚР-ның заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі.

Түсіндіру жұмыстарынан соң насихаттық топ мүшелері тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың көпшілігі үйдің, жер телімінің құжаттарын қалай рәсімдеуге болады, азаматтық алу мәселелері, оралмандардың құқығы туралы болды.

- Ықтиярхатпен кез келген жерде құжат рәсімдей аламын ба? Мәселен, жер сатып алып, көлік сатқым келеді дегендей, қаладағы бір нотариус ықтиярхатпен еш құжат рәсімдей алмаймыз деп еді,- деген сұрақ қойған тұрғын:

- Әрине, болады. Құжаттар ықтиярхатпен рәсімделеді,- деген жауап алды.

Көпшілігін қызықтырғаны - мемлекеттен берілген жер телімінің пайдалану мерзімін ұзарту мәселесі. Біреулері жаңа үй сала бастағанын, біреулері тек іргетасын құйып қойғандарын, бірақ уақытша мемлекеттік актінің уақыты бітуге таяп қалғанын айтты.

- Мұндай жағдайда уақытша актінің мерзімін ұзартып беру туралы арыз жазасыз. Арызға қосымша қажетті құжаттарды тапсырасыз, - деді мамандар.

Сонымен қатар, азаматтық алу туралы да сөз қозғалды. Заңға енгізілген соңғы өзгертулерден кейін оралмандар азаматтықты 5 жылда емес, төрт жылда алатын болды. ҚР азаматтығын алу үшін бір өңірде төрт жыл тұрып, кейін азаматтық алу үшін құжаттарын тапсыра алады.

Және біздің өңірде «времянка» атанып кеткен шағын үй құрылысын қалай рәсімдеймін деген тұрғынның сұрағына қалалық Әділет басқармасының басшысы Айбек ҚАДЫРАЛИЕВ заңда «времянка» деген ұғым мүлде жоқ деп жауап берді:

- Бұл термин тіпті басқа өңірлерде қолданылмайды. Егер біреу үлкен үй салуға мүмкіндігі болмай, айталық, 10х6 шаршы метр көлемінде шағын үй салса, онда оны тұрғын үй ретінде құжаттандыра беруге болады. Сондықтан, времянка салынды деп көрсетудің қажеті жоқ.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

21 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.