- Қазір белгілі бір жерге құжат жинағанда сотталмағандығы жөнінде анықтама сұратады. Оны қай жерден береді? Соттылығы бар немесе жоқ деген анықтаманы беру тәртібі қалай?
Телефон арқылы
Бұл сауалға Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы түсінік берді:
- Атырау облысы халқына соттылығы бар немесе жоқтығы жөнінде анықтама берудің жаңа тәртібі кеңінен түсіндіріліп келеді.
Соңғы кездері азаматтар жұмысқа орналасарда, соттылықты жою немесе алып тастау, шет елге шығу және т.б. үшін осындай анықтама алуға құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарына жиі хабарласатын болды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық-анықтамалық деректері қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 77-ші, 86-шы баптары қарастыратын соттылықты жою немесе алып тастау мерзімдеріне сәйкес қолданылады.
Қазіргі уақытта соттылығының жойылғанына немесе алынып тасталғанына, тұлғаның күдікті ретінде сотқа тартылып, қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылғанына, сондай-ақ, ақтамау негіздері бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғанына қарамастан анықтамада тұлғаның қылмыс жасағандығы туралы ақпарат көрсетіледі.
Құжаттарды қабылдау және қорытындыларды беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тұрғылықты жердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары (әрі қарай – ХҚКО) арқылы жүзеге асырылады.
Комитеттің Атырау облысы бойынша басқармасы Атырау қаласы және облыс халқы арасында соттылығының бар немесе жоқтығы жөнінде анықтама алу мәселесі бойынша үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, облыстық, қалалық және аудандық ХҚКО ғимараттарында анықтама беру тәртібі қажетті құжаттар тізімімен бірге ілінді. Онда шешімге, қызмет көрсетушінің және ХҚКО қызметкерлерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі, мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайы және анықтама беру қызметтерінің байланыс телефондары, 1414 бірыңғай байланыс орталығы көрсетілген. Сондай-ақ, сол жерлерде азаматтар үшін бейнебаяндар көрсетіледі.
Анықтамалар беру мәселелері бойынша басқарма қызметкерлері баспасөз бетіне мақалалар жазып, облыстық теледидар мен радиодан сұхбаттар берді.