АСТАНА. ҚазАқпарат - КХДР бейсенбі күні Сеулге Рим папасы Францисканың Корей түбегіне бейбітшілікті үндеу мақсатымен келіп қонуына санаулы ғана минут қалғанда Жапон теңізінің акваториясына жақын қашықтықты бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды. Бұл туралы Корея Республикасының Қарулы күштер қолбасшылар штабына сілтемемен newsas.net хабарлады.
«Зымыран шығыс жағалаудағы Вонсан қаласы ауданынан солтүстік-шығыс бағытқа қарай атылды», - дейді КҰШ баспасөз хатшысы Ом Хё Сик. - Біздің қарулы күштеріміз жағдайды жіті бақылауға алды, осыған байланысты қосымша шаралар қолданатын болады».
Сарапшылар бағасы бойынша, атқылау жақын қашықтықтағы зымыранға лайықталған 300 мм калибрлі KN-09 атыс қаруымен реактивті жүйені жетілдіру шеңберіндегі сынақ ретінде жүргізілген. Оңтүстік Корея әскерилерінің мәліметі бойынша, ату жергілікті уақытпен 09:30 сағатта жасалған. Зымыран 220 шақырым қашықта, теңіздің үстіне құлаған.
«Ренхап» агенттігі штаб офицерлерінің бірінің: «Шамасы, Солтүстік өзінің қаруының күшін көрсетуге тырысып, онымен ойнауды жалғастырып жатқан сияқты», - деген сөзін келтіреді.
Сеул қазір мұндай сынақтарды талай мәрте барып қадағалаған Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның бұл жолы зымыранды атуға қатысқан-қатыспағанын анықтауға талпынып жатыр. «КХДР үстіміздегі жылы барлығы 105 зымыран атты», - делінген хабарламада.
Дереккөз: inform.kz