АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциялары және Мәскеудің оған қарымта жауабы Финляндияның экономикасына ауыр соққы болып тигелі тұр. Бұған алдағы жылғы сәуір айында өтетін сайлауға дейін қазіргі үкіметтің шыдас бере алатыны күмән тудырып отыр. Бұл туралы Лондонның Financial Times газеті жазады.
«Біздің қазір балға мен төстің ортасында қалып отырғанымызды жасыра алмаймын», - деді Финляндияның премьер-министрі Александр Стубба.
Финнің беделді экономисі Паси Сорьоненнің берген бағасына қарағанда, қазір Финляндияға 2015 жылға дейін созылатын құлдыраудың қаупі төніп тұр. «2008 жылғы ішкі жалпы өнімнің деңгейіне шығу үшін елге енді 10 жыл керек болады», - деп ескертті ол. - Бізді тағы да рецессия күтіп тұр».
Басылым атап өткендей, «Стуббтың өзі елдің қазіргі ахуалының Финляндия терең әлемдік дағдарыста тұрған 1990 жылдарды еске түсіретінін мойындайды». Ол сондай-ақ, Финляндия парламентінің бұрынғы депутаты, тарихшы Юкки Таркканың «алдағы күзде жаппай сайлаулар болуы мүмкін» деген пікірін де келтіреді, деп жазады egemen.kz.
Газет, сонымен қатар, Финляндияның Еуроодақтағы Ресей Федерациясының санкциясы салдарынан зардап шегетін жалғыз мемлекет емес екенін де алға тартады. Айталық, Грекия Ресейдің ауыл шаруашылығы тауарлары импортына салынған тыйымынан €180 млн-ға сазға отырмақ. Сондықтан сенбі күні елдегі оппозициялық партиялар үкіметті Батыстың Ресейге қарсы санкцияларына қолдау көрсеткені үшін қатты сынға алды. Ал Нидерландының шығыны €1,5 млрд. болғалы тұр. Сол сияқты Латвия €55 млн-ын жоғалтады. Польшада ірімшік пен май өндірушілер айтарлықтай зардап шегеді.
Осыған байланысты қазір Еурокомиссия Ресей Федерациясының қарсы санкциясы мен оның Еуроодақ елдерінің ұлттық экономикасына тигізетін залалын талқылауға арналған сарапшылардың екі кездесуін шақырып отыр.
Осы орайда, ИТАР-ТАСС өзінің Еурокомиссиядағы дереккөзіне сілтеме жасай келіп, аграрийлерге өтемақы ретінде берілгелі тұрған қаржының көлемі €400 млн-ға жуық екенін анықтады. Ал еуропалық бағалар бойынша алдын ала болжамдарға сүйенсек Ресей бұл елдерден келетін €7 млрд-тан артық эскпортқа тоқтау салып отыр.