Атырау, 23 қараша 12:49
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Егіз-лебіз

7 538 просмотра

Екі бірдей жас жігіт бір жыл бойы кездесіп жүрген екі бірдей бойжеткенге өмірлік жары болуларына ұсыныс жасады. Екі бойжеткен де еш ойланбастан «Иә!» деген жауап қатты. Жұма күні өткен көңілді тойда қонақтарға қос көрінген жоқ – 8 тамызда Атырауда егіздер үйленді: апалы-сіңлілі Анастасия мен Ксения УЛЬЯНОВАЛАР ағалы-інілі Юрий мен Александр (сәйкесінше) ГОРЯЧКИНДЕРГЕ тұрмысқа шықты.

«ЕГІЗДЕР... ТАҒЫ ЕГІЗДЕР!!»

Тойдың келесі күні таңертең ескі бес қабатты үйдің шағын ас үйінде жас жұбайлар (қыздар 19-да, жігіттер 20 жаста) тойға арналған торттың қалғанын таласа жеп, егіз болып өмірге келудің қиындықтары мен қызықтарын айтып тауыса алмай жатыр. Біріншіден, олар бір кіндікті егіз емес. Дүниеге келген уақыт айырмасы бірдей: 10 минут. Қыздардың кішісі Ксения кіші Сашаға ұнап қалса, үлкендері де бір-бірлерін бірден ұғына алды. Екі жұптың да талғамдары ұқсас, олар бірге оқыған, ешқашан бір-бірлерінен зеріккен емес әрі жалғызсырамайды, олардың достары мен қызығушылықтары да ортақ.

- Бірақ!– дейді Ксения, - біз бір-біріміз үшін ең жақын құрбы әрі кеңесшіміз. Тіпті, бұл өте ыңғайлы: жаңа сыныпқа келгенде бәрін жаңадан бастауға тура келеді, алдымен үйреніп алу керек, ал, біздің өз компаниямыз бар, сондықтан бізге ешкімнің керегі жоқ.

Жұбайлары да осы сөзге қосылып, бастарын изеп қояды.

Анастасия мен Юрий ГОРЯЧКИНДЕР.Анастасия мен Юрий ГОРЯЧКИНДЕР.Сырт көздің қызығушылық танытып қарайтындарына олар үйреніп кетті, алайда төртеуінің қоғамдық орындарда бірге жүруі қашан да дүрбелең туғызады.

- Бізді көргенде жанымыздағылар бірден «Егіздер!» деп сыбырласып жатады, ал, Настя мен Ксюша кірген кезде тіпті «Ооо! Тағы егіздер!!!» деп бұрыла қарайды, - деп күледі ағайындылар.

Ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер бір-біріне қатты ұқсас, ал, бұл екі кіндікті егіздердің арасында сирек кездеседі. Танымайтын адамдар оларды ажырата алмайды, оны айтасыз, әйелі мен күйеуі өз жарларын жарық жерде жүзіне қарап қана айырады екен.

- Арқасынан қарасам, мен оларды ажырата алмаймын, - дейді Ксения, - ал, қараңғы жерде мүлдем, - деп еді, күліп жіберді бәрі.

Бір-біріне ұқсас адамдардың арасындағы бұл артықшылықты қыздар кәделеріне жаратып алыпты:

- Апам бір жерде уақыт-ша жұмыс бойынша келісім-шартқа қол қойған еді, ал, мен тағы бір жерде. Бірнеше күннен кейін екеумізге де жұмыс орны ұнамады, сол кезде орнымызды ауыстырып, келісімшартты солай аяқтаған болатынбыз. Ешкім байқаған жоқ,- деді Настя.

Әзірге қыздардың тұрақты жұмыстары жоқ, олар колледжде қаржыгер мамандығы бойынша білім алған, бірақ жұмысқа орналасу мүмкін болмай тұр. Қазір олар жарнамалық акцияларда промомодель ретінде табыс тауып жүр, әрине, бойлары сәйкес келгендіктен: 180 см. Ал, бір жылдың үстіндегі уақыт бойы электр болып жұмыс жасап жүрген Саша мен Юра да кей кездері жарнамадан «көрініп қалуда», бірақ оларға өздерінің негізгі жұмыстары ұнайды.

ТАНЫСУ ХИКАЯСЫ

Ксения мен Александр ГОРЯЧКИНДЕР.Ксения мен Александр ГОРЯЧКИНДЕР.Сонымен бірге жастар өздерінің ерекше үйлену тойларының хикаясын да әңгімелеп берді: олар егіз жұп табамыз деп ойламаған, бірақ тағдырдың жазуы болған шығар, Ксенияның құрбысы оны басқа құрбысымен таныстырғанда әлгі бойжеткен курстас егіз жігіттер туралы құлаққағыс етеді. Содан кейін Ксения қызығушылық танытып, ағайындылардың әлеуметтік желідегі парақшасын қарап, достасады. Жарты жыл бойы желіге үнемі кіріп қарайды, бірақ таныстықты бірінші бастауға намысы жібермейді, ал, парақша иесі сөйлесуге асықпады.

- Неге екенін білесің бе? – міне, шындықтың беті ашылатын сияқты. – Сен профиліңде бір жігітпен құшақтасып отырдың. Содан кейін босқа әуре болып қайтем деп ойладым, - деп ағынан жарылды Саша. Осылайша қыздың ағасымен түскен суреті төрт бірдей жанның қарым-қатынасына селкеу түсіре жаздады. Бірақ жігіт шыдай алмай, кездесуге шақырған еді, ал, қыздарға ойламаған жерден қызылша жабысты. Бірақ махаббат бәрін де жеңіп шығады ғой, бірнеше кездесулерден кейін жас жігіттер туыстарын жинап, құда түсуді шешті. Көп ұзамай құдандалы болды, той мәселесін де жоспарлады: төрттік үшін бұл қарым-қатынастар бірінші болғанымен, олар өмірлік екенін түсінді.

- Сәбилі болғыларың келе ме?

Бәрінің жамырай айтқан «Жооооқ!» деген сөзінен кейін ақымақтау сұрақ қойыппын: «Онда неге асықтыңдар?»

- Сонда қалай, тек сәби үшін үйлену керек пе? – дейді түсінбеген Ксения. – Ал, шынайы махаббат ше?!

Осындай ашық әңгімеден кейін өзіміз әбден үйреніп алған «алдымен қыдыруым керек, жұмысқа орналасуым керек, тәжірибе жинаймын, т.б» деген ұстанымдар қажетсіз болып қалғандай. Бұл мақсаттарына төртеуі бірге жетеді: үйлерін салады, ағаштарын отырғызады, өздерін де, балаларын да аяққа тұрғызады...

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

14 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.