Іңкәр ҚАЙРАЛИЕВА мен Руслан АЙТПАЕВ жұбы(суретте)жақында Астанада өткен «Kazakhstan Open - 2014» арбадағы спорттық билер бойынша 1-халық-аралық турнирде Атыраудың намысын қорғады.
Корея, Белоруссия, Ресей, Қытай және Қазақстан атынан сайысқа қатысқан би жұптары «Дуо», «Комби», «Соло» аталымдары бойынша 1 және 2 кластарда өнер көрсетті. Біздің жұп «Комби» аталымы бойынша 2-класта сахнаға шықты. Латын америкалық бағдарламада Іңкәр мен Руслан финалға шығып, 5-орын иеленді, ал, Еуропалық бағдарламада 9-орынға қол жеткізді. Олар жұп болып 2011 жылдан өнер көрсетеді әрі «Аэлита» спорт клубы және «Мүгедектердің спорт клубы» ҚМКК өкілдері болып табылады. Іңкәрдің биден тәжірибесі мол, ол «Аэлита» клубында 2005 жылдан бері жаттығады. Ол Русланмен спорттық билер бойынша «В» класын (1 разряд) иеленгеннен кейін жұп құрды. Руслан өз мансабын 2009 жылы «Биші арбалар» атты республикалық конкурстан соң (Қостанай қаласы) бастады. Жұп ретінде олар алғаш рет 2012 жылы арбада отырып билеуден ҚР І чемпионатында сахнаға шығып, бірден күміс медаль жеңіп алған еді. Кейін біздің жұп тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылардың арасындағы ҚР IV спартакиадасында Атырау облысы намысын қорғап, 3 күміс және бір алтын медальға қол жеткізді. Ал, биылғы жылдың сәуірінде Астанада өткен ҚР ІІ чемпионатынан Іңкәр мен Руслан екі күміс медаль алып келді.
- Руслан мен Іңкәр өздерінен жоғары кластағы Ресей және әлем чемпиондарымен сайысқандарымен,«Kazakhstan Open-2014» финалына шықты. Қазіргі уақытта олар арбада отырып билеуден ҚР спорт шеберлеріне үміткерлер және еліміздің құрама командасының мүшелері. Турнир басталмас бұрын Халықаралық классификациялық комиссия Русланның арбадағы биші ретіндегі сауығуы мен физикалық жағдайының жақсарғанын растады, -дейді «Аэлита» СБК жетекшілері Лидия және Нұрлан МҰҚАНОВТАР.– Ол өте белсенді жан, клубтың барлық бастамаларына атсалысады. «ЕврАзия – 2013» турниріне дайындық кезінде біз түні бойы ФОК-та паркет төсеген едік, ол таңғы сағат 7-ге дейін бізге көмектесті және бірнеше сағаттан соң жарысқа да қатысты.
Спортшылардың өздері мен кәсіби жаттықтырушы-педагогтардың қажырлығының және бірлесіп жұмыс істеулерінің арқасында биші жұп қысқа уақыттың ішінде осындай нәтижелерге қол жеткізді. Ал, «Атырау облысының спорттық билер федерациясы» ҚБ мен «Мүгедектердің спорт клубы» ҚМКК-ң (директоры Б.Тахауов) арқасында олардың қазақстандық және халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігі бар. 2014 жылы мүгедек спортшыларға жеке тапсырыс бойынша «Люкор» фирмасы дайындаған екі белсенді арба алынды. Ал, Руслан мен Іңкәрдің жетістіктері өзгелерді де арбадағы би спортынан мүмкіндіктерін байқап қарауға жетелейді және облысымызда Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда бағын сынайтын мықты құрама пайда болады деп сенейік.
Зульфия ИСКАЛИЕВА