Атырау, 27 қараша 13:49
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Тұрақсыздық өтемі

3 740 просмотра

- Мен Ескі базар жақтағы Есенов көшесінде (бұрынғы Степан Разин көшесі) тұрамын. Сәрсенбі күні сағат 18.00 шамасында тоқ кернеуінің тұрақсыздығынан үйдегі жарық шамдары мен тұрмыстық техника жанып кетті. Менің үйімдегі сплит жүйесі, «Триколор» антеннасы, компьютер және бойлер істен шықты. Барлығы да несиеге алынған еді, кейбіреуінен енді ғана құтылып жатыр едім. Өзім бала кезімнен ІІ топ мүгедегімін. Көршілерімде де осындай жағдай, кернеудің тұрақсыздығынан біреудің теледидары өртенсе, біреудің басқа техникасы жарамсыз болып қалды. Осы оқиға болған сәтте барлығымыз көшеге шығып, «Атырау-Жарықтың» апаттық УАЗ-ын қоршап алып, апатты актілеуді талап еттік. Алайда, олар үзілді-кесілді бас тартып, «тоқтың тұрақсыздығынан осындай тұрмыстық техникамыз өртенді деп ұжымдық шағым жазыңыздар» деді. Біз енді қайда хабарласамыз? Сауатты түрде қалай шағымдануға болады?

Телефон арқылы

Оқиғаға «Атырау-Жарық» АҚ қалалық электр желілері бас инженерінің орынбасары Алтынбек ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ түсінік берді:

-Бұл оқиға гидромет орталығы қатты жел туралы ескерту жасаған 6 тамыз күні болды. Биік теректің кесірінен екі желі бір-біріне тиіп, электрдің тұйықталуы орын алды. Қазір біз Зеленстроймен бірлесе отырып, барлық проблемалық аймақтарды жойдық. Тұрғындардан шағым келіп түсті, жауап дайындап жатырмыз.

-Бұл кернеудің тұрақсыздығынан тұрмыстық техникалар жанып кеткен бірінші оқиға емес қой. Мұндай мәселелер қалай шешіліп жүр, бұл үлкен материалдық шығын емес пе?

- Менің тәжірибемде мұндай болып көрген жоқ.

Біз осы жағдайға түсінік беру үшін Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлсім САБЫРОВАҒА жолықтық:

- ҚР Азаматтық кодексінің (әрі қарай – АК) 482-бабына сәйкес, электр қуатымен қамту шарты бойынша электр қуатымен қамту ұйымы абонентке (тұтынушыға) жалғанған желі арқылы қуат беруге, ал, абонент тұтынған қуат үшін ақша төлеуге міндеттенеді.

Сауал қойған Есенов көшесіндегі үйдің тұрғыны электр қуатымен қамту ұйымы ретінде «Атырау-Жарық» АҚ қызметін тұтынушы болып табылады.

Ол көршілерімен бірігіп, 2014 жылғы 6 тамызда сағат 18.00-де Есенов көшесі бойындағы үйлерде электр кернеуінің ажыратылғандығы туралы акт жасауы қажет. Осы актіге тұрғын үйлердің иелері мен кернеудің тұрақсыздығынан зардап шеккен техникалық аспаптардың тізімін қосу қажет.

«Атырау-Жарық» АҚ апаттық қызметі ажыратылудың және кернеу тұрақсыздығының қандай себептен болғанын анықтады. Ол себепті жойып, электр кернеуін қалпына келтірді. Олар, сондай-ақ, осы апат не себептен болғанын тұрғындарға хабарлауы керек.

Сондықтан да тұрғындардың «Қазақэнергосараптама» АҚ-на тұрғын үйлердегі қосу-тарату құрылғыларының және осы көшеге жалғанған кабельдік желінің техникалық жағдайына энергетикалық тексеру жүргізу жөнінде хабарласқаны жөн.

Энергетикалық сараптаманың қорытындысында тарату және топтық желідегі кернеудің тұрақсыздығын тудырған себеп көрсетіледі.

Әрі қарай, істен шыққан тұрмыстық техниканы кез келген жөндеу шеберханасына жөндеуге тапсыру керек және қарау барысында анықтаған тұрмыстық техниканың ақаулығы жөнінде акт жасауды немесе анықтама беруді сұраған жөн. Жөндеу аяқталғаннан кейін шот-фактура, орындалған жұмыс актін және кіріс кассалық ордерінен түбіртек алу керек. Жөндеуге кеткен жалпы сома алға қарай материалдық шығынды өтеу туралы талап арыздың сомасын құрайтын болады.

Осыдан кейін сотқа талап-арыз жазылады және іс бойынша жауапкерлерді анықтап алу керек.

Электр тарату ұйымынан тұтынушыға дейін электр қуатын жеткізу принципі төмендегіше: электр қуаты АЖЭО деп аталатын электр станциясында өндіріледі, АЖЭО-дан электр тарату желілері арқылы трансформаторлық станцияларға, одан әрі трансформаторлық бекеттерге, ал, ол жерден әуе немесе жер асты желілер арқылы тұрғын үйлерге жеткізіледі.

Мәселен, егер осындай жағдай ПИК құрылған көппәтерлі тұрғын үйде орын алса, бірінші кезекте ПИК жауапты болады, өйткені, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 2-бабына сәйкес, пәтерден тыс немесе жалпыүйлік инженерлік жүйелер мен жабдықтар кондоминиум нысанының бір бөлігі болып табылады және жалпы мүлік құрамына кіреді.

Егер ПИК бар болса, осы жауапкер үйді, біздің жағдайымызда, электр қуатымен сапалы қамтамасыз ету мақсатымен тұрғын үйдің қосу-тарату құрылғылары (ҚТҚ) мен қатараралық қалқандарына дұрыс қызмет көрсетуге және техникалық жағдайына жауап беретін тұлға болып табылады. 

Қаламыздың әр ауданы тұтынушы мен электрмен қамту ұйымдары арасындағы баланстық тиістілігі және қолданыстық жауапкершілігі бойынша сәйкесінше актілермен шектелген.

Бұл актіде апат болған желінің меншік иесі кім екендігі көрсетіледі. Мәселен, осындай актіге сәйкес, «Атырау-Жарық» АҚ АЖЭО-дан трансформатор станциясына дейін тиісінше электр қуатын жеткізуге жауап береді. Одан кейін станциядан трансформаторлық бекетке дейін тұрғын үйлерді салушы заңды тұлға жауапты болуы мүмкін. Ал, трансформаторлық бекеттен тұрғын үйге дейін ПИК жауап береді.

Талап-арызға жоғарыда айтылған барлық жауапкерлерді жазуға болады. Сотта бәрібір абонентке, яғни, талапкерге жалғанған желі арқылы қуатты кім, қандай көлемде бергенін, тоқ беру режимі сақталғанын, қуат сапасына қойылатын талаптар бұзылмағанын немесе қуат беруде тұрақсыздық болмағанын, тоқ тұрақсыздығына не әсер еткенін анықтайтын болады.

Сот барысында анықталған жағдайларға байланысты сот кінәлі ұйымнан немесе бірнеше кінәлі тұлғадан талапкердің пайдасына мүліктік шығынды толық көлемде өтеп береді.

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

14 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.