Әлем жұрты Bookcrossing деп атайтын оқылған кітаптарды ауыстыру акциясы Атырауда жыл сайын өтеді.
Соңғы уақытта «Жастарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің еріктілері өткізіп жүрген акция 5 тамызда «Тамаша» сауда орталығында өтті.
- Бұл жұмыс күні болғандықтан, біз кешкі сағат 7-де бастаймыз деп шештік,– дейді ерікті Дәурен МАҚЫМОВ. – Акция үш сағаттан артық уақытқа созылды, осы уақытта қаламыздың кітапсүйер қауымы сексенге жуық кітап алмастырып үлгерді. Біз осылайша кітаптарға екінші өмір сыйлаймыз деп үміттенеміз. Бұл сөреде шаң басып жатқаннан жақсы емес пе? Егер үйлеріңізде оқылған кітап болса, бізде бар кез келген кітаппен ауыстыруға болады.
Айта кетсек, бірлестіктің қоғамдық кітапханасында 200-ден аса кітап бар. Әрине, кітаптарға қойылатын талаптар бар: ауыстыруға саяси, діни мазмұндағы кітаптарды, оқулықтарды әкелуге болмайды.
- Біз осындай іс-шараларды кемінде айына бір рет өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, - дейді жастар. - Өтетін орны мен уақыттарын әлеуметтік желілер мен қалалық жарнама ілу орындары арқылы хабарлайтын боламыз.
Анастасия ПАСТУХОВА