Атырау, 21 желтоқсан 11:58
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Тал сабағы қатайды

2 461 просмотра

Өңіріміздің спорттық жетістіктері ішінде джиу-джитсудан облыс құрамасының үлесі қомақты. Біз осы құраманың аға жаттықтырушысы Ерболат САТЫБАЛДИЕВПЕН (суретте) сұхбаттастық.

«БӘРІБІР РҮСТЕМБЕК МЫҚТЫ»

- Бұрын джиу-джитсу күресінде жұмсақ техника мен соққыдан сытылу басты қағидаттар болатын. Бізге жеткен аңыздардан белгілі, алғашқы джиу-джитсу мектебі – «тал шыбық» мектебінің негізін салушы, дәрігер Сиробэй Акаяма айтқандай, үлкен ағаштардың сабақтары қатты дауылда сынып қалады, ал, күштің ырқына көнетін тал шыбық сабақтары қайта бой көтеріп, аман қалады. Алайда, қазіргі уақытта джиу-джитсу өте тиімді де қатал спорт түріне айналды. Оның айқын дәлелі – біздің шәкірттерімізді жекпе-жектің әр түрінен жарыстарға шақырады, ал, олар жүлдесіз оралып көрген жоқ.

- Биыл қол жеткізген жетістіктеріңіз туралы айтыңызшы.

- Наурыз айында Алматыда джиу-джитсудан белгілі жаттықтырушы Рүстем Сүйіндіковті еске алуға арналған ірі республикалық турнир өтті. Осы жарыста Серікболсын Асылбек, Нұрсұлу Қапсалықова және Жақсылық Кереевжеңімпаз атанды. Содан кейін командамыз Астанада болған Қазақстан чемпионатына барды. Бұл Бразилияда болатын әлем чемпионатына іріктеу турнирі еді. «Невада» санатында (партерде күресу) Нұрсұлу өз мықтылығын дәлелдеп, ел чемпионы атанды. Мирас Шынтасов ең қатал бөлім – «микс-файтта» алтыннан алқа тақты. Жасөспірімдер арасында «файтинг» бөлімінде Ернар Қожахметов, Ж. Кереев, Ғалымжан Таңатаровжәне Ербұлан Серіков қолаға қол жеткізді.

Сәуірде командамыз Талдықорғанда өткен әскери самбодан Қазақстан чемпионатына қатысуға шақырту алды. Ол жерде Айбек Бөлекбаев финалға дейін жетіп, жарақатына байланысты жарысты жалғастыра алмады, нәтижесінде – күміс медаль. Талғат Жұмағалиев та финалға шықты, алайда, павлодарлық қарсыласына есе жіберіп қойды. Рашид Қабылов, Данияр Дәулетханов, Қанат Әшімов, сондай-ақ, құраманың ардагері Рүстембек Жереншиев қола жүлде алды. Рүстембек - Азия чемпионы және Әлем кубогының жеңімпазы. Оның Талдықорғандағы сәтсіздігін кездейсоқтық деуге болады. Ол Қазақстан құрамасының №1 спортшысы болып табылады. Жақында ол А. Бөлекбаевпен бірге Тайландтан келді. Олар сол жақта аралас айқас бойынша жаттығу жиынына қатысты.

Маусым айында А. Бөлекбаев пен Т. Жұмағалиев Ташкентте өткен әскери самбодан Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

МИРАС БРАЗИЛИЯҒА ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Биыл джиу-джитсудан Қазақстан кубогы бірінші рет Қызылқоға ауданы Миялы ауылында өтті. Ол ауданның 60 жылдығына арналды. Жарыс жаңадан салынған ДСК-де өтті және оған 120 адам қатысты. Біздің командамыз турнирдегі ең үлкен команда болды. Біз кілемге 20-дан астам палуан шығардық және командалық 1-орынды жеңіп алдық. Мұхамбет Оразғалиев, Ж. Кереев, Ерман Майлашев, Бек Насихатов, А. Бөлекбаев, Т. Жұмағалиев, Е. Серіков және басқалар өз салмақ дәрежелерінде кубок иегерлері атанды.

Қазіргі кезде күрестің тағы бір «әскери» түрі – жекпе-жек. Наурыз айында Қызылордада командамыз осы спорт түрінен Қазақстан кубогіне қатысты. Бұл жарыста барлық белдесулерін ауыртпа тәсілдермен мезгілінен бұрын аяқтаған Темірхан Оңайбаев пенӘбілхайыр Дүйсәліповжеңіс тұғырына көтерілді. Ж. Кереев күміс иеленді.

Алматыда болған жекпе-жектен республикалық турнирде Ж. Кереев пен А. Дүйсәліпов сәйкесінше 2-ші және 3-орын алды. Қарағандыда өткен ММА (аралас айқастан) Қазақстан чемпионатында шәкіртіміз М. Шынтасов күміс жүлдегер атанды. Алайда, оның финалдағы қарсыласы алған жарақатына байланысты әлем чемпионатына бара алмайды, сондықтан да ел намысын қорғау құқығы Мирасқа тапсырылды. Қазір ол осы жарысқа мұқият дайындалып жатыр.

- Облыстық спорт басқармасы көмектесе ме?

- Ақпанда біз Мәскеуге, сәуірде Шу қаласына жаттығу жиынын өткізуге бардық, тағы бір жиынды Атырауда «Інжу-маржан» шипажайы базасында өткіздік. Мұның барлығын облспорт қаржыландырды. Сонымен қатар, жарыстарға баруды ұйымдастыруда облыстық джиу-джитсу федерациясы мен оның президенті Нұржан Байғазиев көп көмектеседі.

Алда жарыстар көп. Бразилиядағы әлем чемпионаты, тамыз айының соңында Атырауда өтетін жекпе-жектен Қазақстан чемпионаты бар. Барлық жарыстарда жетістікке жететінімізге сенімдімін.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.