Атырау, 27 қараша 12:29
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жол қызметкерлерін айыптауда

3 342 просмотра

Үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде «Алматы-Атырау» бағытындағы №041Т жолаушылар пойызының апатқа ұшырау себептерін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия өз жұмысын аяқтады. Атырау жол дистанциясының екі қызметкеріне айып тағылды.

ҚР ҚК 295-бабы 1-тармағыТемiр жол, әуе, теңiз немесе су жолы көлiгi қозғалысы немесе пайдалану ережелерiн орындайтын жұмысына немесе атқаратын қызметiне байланысты осы ережелердi сақтауға мiндеттi адамның бұларды бұзуы, егер бұл әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соқтыруы») бойынша қылмыстық істі ҚР Бас көлік прокуратурасы бірден ашқан еді. Осы іс аяқталып, Қызылқоға аудандық сотына (апат Атырау облысы Қызылқоға ауданы аумағында болған) тапсырылды.

Бас көлік прокуратурасы таратқан баспасөз бетшесінде іс бойынша айыпталушы ретінде «Іріленген Атырау жол дистанциясының» учаске бастығы Ж. (жөндеу жұмыстарын тікелей жүргізген) және дистанция бастығының орынбасары Н. (жол жағдайы мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына жауапты) жауапқа тартылды.

Естеріңізге салсақ, апат Жантерек және Кенбай бекеттері арасында сағат 16.50 шамасында болған еді. Қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыздың 13 вагоны рельстен шығып кетті (жетеуі жанына құлады). Пойызда 700-ден аса адам келе жатқан, олардың 70-і зардап шекті. 14-і ауруханаға жатқызылып, екі адамға денсаулығына «орташа» зиян келген деген қорытынды шығарылды.

Алдымен екі негізгі жорамал – темір жолдың нашар жағдайы және тепловоз машинистінің қателігі (бұл учаскеде жол бұрылысты болатын) қаралды. Тергеу барлық вагондардың жақсы жағдайда болғанын, 2013 жылы жоспарлы жөндеу жасалып, 2014 жылы мамандандырылған кәсіпорыннан техникалық қызмет көрсетілгені анықталды. Рейске шығар алдында пойыз құрамына «Вагон-Сервис» АҚ-тың Атырау бөлімшесі қызметкерлері қызмет көрсеткен, ескерту болмаған.

Көлік прокуратурасы баспасөз бетшесінде былай делінген: «Апаттан кейін Ақтөбе және Атырау учаскелерінің тексерушілері, «Вагон-Сервис» АҚ, «РемПВ-2» өкілдері вагондардың механизмдері мен желілерін тексеріп қарады және нормадан ауытқушылықтар байқалмады. Машинист пен оның көмекшісінің жедел тежегішті қолдануы дұрыс және ведомстволық нұсқаулықтарға сәйкес келеді. Жолаушылар пойызының апатқа ұшырау себебі жолдың осы учаскесінде қолданыстағы нұсқаулықтарды бұза отырып, сапасыз жөндеу жұмыстарын жүргізу болып табылады».

Мамыр айында келген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және көлік және коммуникация министрлігі қызметкерлерінен құралған комиссия да осындай тұжырымға келген болатын. Ведомстволық комиссияның қорытындысы бойынша, темір жолдың қисаюы «Сағыз-Мақат учаскесіндегі рельс өрімінде сапасыз дәнекерлеу жұмыстары салдарынан» болған.

Тергеу, өз кезегінде, бұл жұмыстарға сарапшыларды тартты және оның қорытындысын екі ай күтті. Олар да апат болған кезде берілген жолдың ақаулығы жөніндегі негізгі нұсқаны растады. Бір айта кететін жайт, сол күні оқиғадан екі сағат бұрын осы жолмен «Тальго» жүйрік пойызы жүріп өткен болатын.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

6 тамыз 2014, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.