Атырау, 18 мамыр 17:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Флавио бостандыққа шықпақ

2 144 просмотра
Есірткі заттарын сатқаны үшін 2010 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған итальяндық Флавио СИДАНИ түрмеден шығатын болды. 1 тамызда Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оның шартты-мерзімінен бұрын босату (ШМБ) туралы өтінішін қанағаттандырды.
 
ОТАНЫ ҰМЫТҚАН ЖОҚ
Осынау өзгеше хикаяны еске салайын. «Аджип ҚКО» компаниясының қаржылық мәселелер жөніндегі топ-менеджерін 2010 жылдың сәуірінде «Ренко» қонақ үйіндегі өз нөмірінен ҰҚКД қызметкерлері қылмыс үстінде ұстаған болатын: хаттама бойынша одан 112,73 грамм гашиш пен 57,53 грамм канабистің (қара сораның) шайыры табылған.
 
Оған Қылмыстық кодекстің «Аса ірі мөлшерде есiрткi заттарын ниемденіп алу, сақтау және сату», «аса ірі мөлшердегі есірткі контрабандасы» және «есірткі заттарын тұтынуға көндіру» баптары бойынша айып тағылған еді.
 
Есірткіні тарату туралы тергеу жорамалының дәлелі ретінде Сиданидің экспат әріптестерімен бірге канабисі бар сигараны шегіп жатқаны түсірілген бейнежазба да іс материалдарына қосымша тіркелген. Сот біріншісінен басқа бүкіл айып тағылған баптарды жоққа шығарып, оны тек есірткі сату бойынша ғана кінәлі деп таныды. Нәтижесінде өмір бойы бас бостандығынан айырылу қаупі сейіліп, қатаң режимдегі колонияда 6 жылға дейін жаза өтеуге қысқарды. Флавио денсаулығының нашарлығына қарамастан (қорытындыда гипертониясы, омыртқасы мен буындарының сырқаты сондай-ақ шықшыт безінің ісігі бар екені анықталған) қол қусырып отырмады. Кез келген ақпараттық ресурсты пайдаланып, өзі туралы мәлімдеп, едәуір жұртшылық пікіріне қол жеткізді.
 
Оның хикаясын Италияның ірі «La Repubblica» басылымы жарыққа шығарды. Ол 2012 жылы «Ақ Жайық» газетіне жазған хатындағыдай, «БАҚ-тарды тарту өз нәтижесін берді: Италияның премьер-министрі Сильвио Берлускони 2010 жылы 10 желтоқсанда Астанаға келген сапарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен мен туралы әңгіме қозғады. Италия президенті Джорджио Наполитано Римде Қазақстан елшісімен кездесіп, мені қорғап сөз сөйледі. Маған қазіргі премьер Марио Монти де қолдау көрсетті...». Бұл өте сирек кездесетін жағдай, өйткені Сиданидің өзі атап өткендей, «2900-дан астам итальяндық азамат шетелдік түрмелерде жатыр, бірақ мен сияқты осындай жоғары деңгейде осыншама қолдау көріп отырғандар аз».
 
Айтпақшы, осы жылдар ішінде  жазасын тергеу изоляторында өтеп жатқаны үшін Сидани өз отанында аяқасты танымал болғандығы үшін қарыздар екен: тұтқын Берлусконидің өзі мен Қазақстандағы итальяндық елші оны қатаң режимдегі колонияда емес, УГ 157/1 мекемесінде қалдыруға сеп болғанын растайды.  
 
ЖІБЕРГІСІ КЕЛМЕДІ
Үміті бар болғанына қарамастан, Флавио рақымшылық алмады. Мерзімінің үштен екісін өтеп болғаннан кейін ШМБ туралы өтінішті өзі берді. Бірақ оған үш өтінішхат жазуға тура келді: үш мәртесінде де жазасын өтеп жатқан тергеу изоляторының басшылығы ол түзелу жолына түскен жоқ деп, теріс қорытынды берді.
 
Алайда заң тәжірибесі бойынша, түзету мекемесі мұндай өтінішті өздері ұсынулары тиіс. Соған қарағанда, тергеу изоляторындағылар осы 4 жылдан астам уақыт ішінде тұтқынға бауыр басып кеткені сондай, одан айырылғысы келмегенге ұқсайды. 
 
- Жазаның үштен екі бөлігі биылғы жылдың сәуірінде бітті. Біз мамырда, маусымда өтінішхат жаздық. Бүгін сотта прокуратураның және тергеу изоляторы қызметкерлерінің қатысуымен менің қорғалушымның түрме әкімшілігі берген теріс қорытындыға қарамастан түзелу жолына түскенін дәлелдедік. Осы жылдар ішінде ол жаза алып көрмеген, мадақтау ғана алған, - дейді Сиданидің адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ.
 
Сот өз шешімімен Сиданиді үкім бойынша өтелмеген бір жыл сегіз ай абақтыда отыру жазасынан мерзімінен бұрын босатты. Сот шешімі күшіне енгеннен кейін 15 күннен соң, адвокаттың айтуынша, Сиданидің Қазақстаннан тысқары шығуына құқығы бар. Оның қай жаққа кетпек ойы бар екені әзірге белгісіз. Сот отырысынан кейін біз фойеде толқып тұрған Флавиомен тілдескен едік. Өзін қалай сезініп тұрғанын сұрағанымда ол: «Now – better!» деп жауап берді. Содан соң орысша «Спасибо!» деп қосып қойды.
 
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
3 тамыз 2014, 10:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.