«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңес шағын және орта бизнес мүддесін қорғау мәселесін талқылады.
Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖАКИЕВ жыл басынан бері оларға 50 шағым түскенін, олардың негізінен жерге құжат беруді кешіктіруге байланысты екенін мәлімдеді. Шағымданушылардың жартысына жуығына палата көмек көрсеткен, шағымның үштен бір бөлігі әлі қаралуда, қалғандары негізсіз болып шықты. Тағы бір проблема – аудандардағы несие алу қиындығы:
– Кәсіпкерлер салатын кепілзаты болмағандықтан несие ала алмайды. Атырау облысында ауылдағы бизнесмендер үшін кепілзатпен қамтуға кепіл бола алатын қор құру жоспарлануда.
Облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, бүгінде салық төлеушілердің 90 пайызы электронды түрде салық төлемдері бойынша құжаттауды жүргізеді екен. Тиісінше, салық департаментіндегі кезектер азайған. Бүгінде департамент ұсынатын 32 салық қызметінің 23-і автоматты түрде жасалады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ