Батыр қыз
Арайлым АсқароваКореяның Муджу қаласында «Экспо» халықаралық таэквандо фестивалі өтті. Додалы жарыста Қазақстан намысын Атырау облысының құрамасы қорғады.
8-11 жас аралығындағы балалар арасында атыраулықтар екі медаль иеленді: 20 келіге дейін салмақта Эльдар Жолдасбаев– «алтын», 26 келіге дейін Айрайлым Асқарова – «күміс» алды. Қоржынымызда 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тағы екі «алтын» бар: Айтуар Шакенов пен Ұлжан Маханова топ жарды.
Эльдар ЖолдасбаевСонымен қатар, атыраулық спортшылар сол күндері Кёнджу қаласында өткен Корея Республикасының ашық чемпионатына да қатысып үлгерді. Ересектер арасында Айгүл Елубай алдын ала айналымнан өте алмады. Балалар арасында Арайлым Асқарова айқасқа түскен жалғыз қыз болды (Корея чемпионаттарында бұл салмақ дәрежесінде гендерлік жеңілдік болмайды). Алғашқы екі айқасында ол Өзбекстан мен Ресей өкілдерін сенімді түрде жеңіп, үшінші кездесуде корейлік балаға есе жіберіп қойды.
Барлық аталған спортшыларды 1-БЖСМ-да Сәуле Сардарова мен Айсұлу Халамқалиева жаттықтырады.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Чемпиондар бар,енді демеушілер керек
Ақтөбеде армрестлингтен Қазақстан чемпионаты өтті.
Чемпионат жеңімпаздары қыркүйек айында Вильнюсте өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғау құқығына ие болды. 65 келіге дейін салмақта атыраулық спортшы Константин Тарабрин барлық сегіз күш сынасуда да жеңіске жетіп, финалда 2013 жылғы Азия чемпионы шымкенттік Бақдәулет Тұрмановтан басым түсті және Қазақстан чемпионы атанды.
70 келіге дейін салмақта Азияның екі дүркін чемпионы Мұрат Әбуталиев бірінші кездесуінде 2013 жылғы әлем чемпионы Заир Ахметовтен ұтылып қалды. Алайда қалған жеті айқаста айқын басымдықпен жеңіске жетіп, «қолаға» қол жеткізді.
80 келіге дейін салмақта 2013 жылғы Азия чемпионы Александр Максин күш сынасты. Ол барлық кездесуде де жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты. Барлық үш атыраулық спортшы да әлем чемпионатына жаттығуды бастады және демеушілер табылып, көмек қолын созады деп үміттенеді.
***
Жанкүйерлерді қуанышқа бөледі
«Маяк» түнгі клубында бодибилдингтен абсолюттік салмақ дәрежесінде ашық қала чемпионаты өтті.
Турнирдің бас демеушісі «Оранж-Фитнес» спорт орталығы болса, «Wheels Brothers» мотоклубы, Батыс Қазақстан бодибилдинг және фитнес федерациясы, облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы, қалалық спорт бөлімі үлкен қолдау көрсетті.
Чемпионат сәтті өтті, клубта достық пен қарсыластық ауаны бірдей есіп тұрды. Жарысқа жеті жақсы дайындалған атлет қатысты: «Оранж» фитнес орталығының нұсқаушысы Николай Котов, «Атырау» фитнес орталығының нұсқаушысы Владимир Мартынов, «Мұнайшы» жүзу бассейнінің тренажер залының нұсқаушысы Дархан Төлегенов, «YКК» компаниясының құтқарушысы Александр Любин, «Европа» фитнес орталығының нұсқаушысы Олег Ганус, «Олимп» фитнес орталығының (Волгоград қ.) нұсқаушысы Ярослав Копейкин және әуесқой спортшы Ерлан Бағытов өнер көрсетті.
Жарыс екі турдан өтті. Біріншісінде төреші қатысушыларды қатар тізіп, «қос бицепс – алдынан көрсету», «арқаның кең бұлшықеттері – алдынан көрсету», «кеуде+бицепс – жанынан көрсету», «қос бицепс – арттан көрсету», «арқаның кең бұлшықеттері – арттан көрсету», «трицепс – жанынан көрсету» және «пресс+жанбас» сияқты жеті негізгі тұрыстарды көрсетуін талап етті.
Екінші турда спортшылар жеке өнер көрсетті. Сахнаға екі минуттан шығып, шыныққан шымыр денелерінің әр қыртысын көрсетуге арналған ерікті бағдарламаларын орындады. Көрермендер отырған залдағы қыз-келіншектер таңданыстарын жасырмады.
Жарыс қорытындысында 1-орынды және 80 мың теңгелік сыйақыны Николай Котов иеленді. 2-орынды Владимир Мартынов алса, 3-орынға Дархан Төлегенов шықты.
Жеңімпаздар марапатталған-нан кейін «келесі чемпионат қашан болады?» - деп сұрап жатты көрермендер. «Оранж Фитнес» басшылары Самир мен Сергей турнирді тұрақты өткізіп тұрамыз деп сөз берді.
Спортшылар «Оранж-Фитнес» спорт орталығына чемпионатты ұйымдастырғандары үшін алғыс айтады.
***
Шынболат - ең епті палуан
Атырауда 1997-98 ж.т. жасөспірімдер және 1994-96 ж.т. туған жастар арасында Балуан Шолақты еске алуға арналған грек- күресінен республикалық турнир өтті.
Жарысқа еліміздің он облысынан 180 палуан қатысты. Атырау облысы құрамасы сапынан Эльдар Тоғызбаев «күміс», Алмас Мұратоллаев пен Шынболат Шыналиев «қола» медаль иеленді. Сонымен қатар, Шыналиев «Үздік техникасы үшін» сыйлығымен марапатталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ