Атырауда Ақпараттық технология орталығы жұмысын бастады. Бұл жерде орнатылған серверлердің жалпы қуаттылығы 5000 жүйелік блокты құрайды. Мемлекеттік органда өз серверлері болмаған жағдайда орталық мәліметтерді сақтау жөніндегі хостинг қызметін ұсынады.
***
Тамыздың 1-інен бастап «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызының «Гранд» (СВ) және «Бизнес» вагондарына жеңілдіктер енгізілді. Атап айтқанда, №19/20 Атырау-Астана және №77/78 Алматы-Атырау пойыздарының «Гранд» вагондарының билеті 10 пайызға арзан болады. Бұдан басқа, №49/50 Алматы-Ақтөбе, №19/20 Атырау – Астана, №87/88 Ақтөбе – Астана және №77/78 Алматы – Атырау жолаушылар пойызындағы «Гранд» және «Бизнес» вагондарындағы тариф демалыс күндері жұмыс күніндегі тариф деңгейіне теңестірілді (мереке қарсаңындағы және мереке күндерінен басқа).
***
Облыстық ХҚКО қызмет көрсету сапасы бойынша қазақстандық рейтингте 1-орын алды. Атырауда осы мерзім ішінде ХҚКО қызметкерлерінің құжаттарды ресімдеу кезінде ереже бұзғандығы тіркелмеген, сондай-ақ, клиенттер тарапынан шағымдар болмаған.
***
Атырау облысында 56 мекеме кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің шеңберінде медициналық көмек көрсетеді, оның 13-і – жекеменшік емханалар (тендер ұтқандар). Осы мақсатқа биылғы жылы 14 млрд 480 млн теңге (жергілікті бюджеттен 4 млрд 660,7 млн және республикалық бюджеттен 9 млрд 820,3 млн теңге) бөлінді.