Атырау, 27 қараша 12:46
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мөрсіз аттап баспайсың!

3 337 просмотра

Қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВІ топ мүгедектерінің жеке көмекшілерінің жалақысына қатысты мәселені қалай да шешуге уәде берді.

ҮЛКЕН ЖИЫН

24 шілдеде болған осы мәселеге қатысты жиналыста алғаш рет көп қатысушылар жиналды: прокуратура, қаржы полициясы, ревизиялық комиссия, ҰҚК, мәслихат, еңбек министрлігі департаменті, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілдері бас қосты. Бір таңғаларлығы, бұрын мұндай жиындарға әртүрлі себептермен қатыспайтын Нұрлы ХАБИЕВА да келіпті. Естеріңізге салсақ, І топ мүгедектерінің жеке көмекшілеріне төленетін жалақының тұрақтылығы үшін күрес екі жылдан бері созылып келеді. Бұл уақытта мүгедектер мен олардың көмекшілері бірнеше рет қалалық және облыстық әкімдік өкілдерімен кездесті, өз өкілдерін Астанаға да жіберді, сотқа да шағымданды. Шағымдары бойынша тексерулер де жүргізілді. Алайда жағдай еш өзгермеді.

Жиында олардың талаптарын «Мөлдір көз» ҚБ төрағасы Жолдас ҒҰМАРОВ оқып берді. Біріншісі – жеке көмекшілермен жаңа шарт жасасу. Екіншісі - өткен жылғы әкімдік шығарған олардың іс-әрекеттерін растау қажеттілігі (егер олар мүгедектерді емханаға, дәріханаға, дүкенге алып барса, сәйкесінше дәрігердің, фармацевтің, дүкеншінің және т.б. қолы мен мөрін қойдыру керек) туралы бұйрықтың күшін жою. Үшіншісі – Нұрлы Хабиеваны жұмыстан кетіру.

- Барлық жерлерде мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу туралы айтып жатады, ал Атырауда бізді төрт қабырғаға телміртіп қойғылары келеді. Қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бізге «коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін көмекшілеріңмен бірге неге барасыңдар, отырыңдар үйлеріңде» деп айтады. Ал біз мүгедектердің өз үйінде оңашаланбай, сыртқа шығып, өмірге белсене араласқанын қалаймыз! – деді Ж. Ғұмаров.

Көру қабілеті бойынша І топ мүгедегі Виктор ПЯСТОЛОВ қатты айтты:

- Бір мезгілдері бізді әлеуметтік бөлімге кіргізбей, тек көмекшілерімізге рұқсат етті, ал біз күн астында күйіп тұратынбыз. Енді барлығымызды бөлек резервацияға тығып, эвтаназия жасау ғана қалды!

 

ӘКІМ ТАҢҒАЛДЫ

Жиналыста сөз сөйлеген мүгедектер үкіметтің түрлі қаулылары мен ведомстволық бұйрықтардың тармақтарын еркін талдап, жоққа шығарып жатты. Олар осы екі жылда барлығын жаттап алғанға ұқсайды. Бір қызығы, шенеуніктер де осы қаулыларға сілтеме жасады. Н. Хабиеваның айтуынша, жергілікті қалалық әлеуметтік бөлім еліміздің басқа өңірлерінде қолданылатын осындай құжаттардың негізінде шарт жасаған. Мәселен, Шығыс Қазақстанда бір жеке көмекші 13 адамға дейін қызмет көрсетеді, ал бізде бір мүгедекке бір көмекшінің қызмет көрсетуіне рұқсат етіледі. Бұл мәселенің шикі тұстары бар, қаулыны жүзеге асыру механизмі әлі дұрыс жасалмаған. Хабиеваның айтуынша, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне көмекшінің көмегіне зәру І топ мүгедектері көмекшісінің еңбегіне ақы төлеу үшін әлеуметтік жәрдемақы ретінде белгілі бір соманы алып, ол ақшаны өз қажетінше жұмсауға мүмкіндік беретіндей жағдай жасау туралы ұсыныс жасалған. Сәуір айында Астанадан ұсынысты «қаперлеріне алатындығы» жөнінде жауап келген.

- Ал әзірге үкіметтің №754 қаулысы қолданыста, біз оны орындауымыз керек, - деді Н. Хабиева.– Онда, атап өтсек, «бекеттен бекетке дейін ілесіп жүру керек» делінген. Яғни, көмекші мүгедекті үнемі бағып-қақпайды, көмекші мүгедекке бір жерден екінші жерге дейін ілесіп жүреді деген сөз. Егер үкімет қаулысында еш өзгеріс болмаса, мәслихат бекітетін жергілікті ережелерді әзірлеу қажет. Өйткені қаулыда жұмыс уақыты мен жалақыны есептеу жергілікті атқарушы органдардың құзырында деп көрсетілген.

- Қаулыда мүгедектер ақпараттар алуға құқылы деп жазылған, ал бізге көмекшінің жұмыс табеліне «газет оқу» тармағын қосуға баяғыда тыйым салған. Ол аз дегендей, көмекші бізді тек емхананың есігіне дейін әкелуі қажет, әрі қарай мүгедектердің өздері бару керек деп айтады, - деп өз уәжін айтты Виктор Пястолов.

- Мүмкін емес! - деп таңғалды әкім.

Мүгедектер өз орындарынан айқайлап, бұл сөзді растады.

 

«БҰЛ ТЫҒЫРЫҚ!»

Бұл істегі прокуратураның пікірін Атырау қаласы прокурорының орынбасары Владимир МАЛАХОВ айтты: табельге кәсіпорындар мен ұйымдардың лауазымды тұлғаларының қолы мен мөрін қойдыру артық. Бұл келісімшарттық қатынаста екі тарап – мүгедектер де, көмекшілер де орындалған жұмыс актісінің шынайылығына бірдей жауап береді, өйткені олар шартқа қол қояды. Бұл акт қаржы құжаты болып табылады. Егер әлеуметтік бөлім акт заңбұзушылықтармен толтырылған және қате жазылған деп есептесе, құқық қорғау органдарына жүгінуі қажет. Ал егер акт дұрыс толтырылса, әртүрлі талаптарды ойлап таппай, ақшасын төлеу керек.

В. Малаховтың айтуынша, әлеуметтік бөлім мүгедектердің бастамашыл тобын қазіргі қолданыстағы шарттың жобасымен таныстыруы керек.

- Біз оларға шартты танысу үшін бергенбіз, - дейді Нұрлы Хабиева.

- Берген жоқ! - деп қарсылық білдірді Жолдас Ғұмаров.

- Қашан да осылай. Бұл тығырыққа тірелу! - деп қортындылады Малахов.

Ол, сондай-ақ, прокуратура-ның әлеуметтік бөлім үстінен сотқа талап арыз бергенін, алайда облыс әкімдігінің орындалған жұмыс актілерінде мөр мен қол болуы керек деген бұйрығына байланысты кері қайтарылғаны туралы айтты (сот прокуратураның талап арызын кері қайтарғаннан кейін ғана бұйрық күшін жойды З.И.).

Барлық тараптарды тыңдаған қала әкімі осы мәселе бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды. Бірінші отырыс 1 тамызда өтеді деп белгіленді.

 

ЗульфияИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

31 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.