Атырау, 26 қараша 22:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Итальяндықтар туризмге түрен салмақ

6 196 просмотра

Итальяндықтар Атырауға экологиялық туризмді  әкелуді көздеп отыр. Болонье университетінің ғалымдары  «Ақ Жайық» табиғат резерваты аумағында ЮНЕСКО-ның өзі мойындайтындай саябақты қалай ұйымдастыруға болады деген жоба төңірегіндегі жұмыстарын бастап та кетті. Бұл жобаға   Eni компаниясы демеуші болмақ.

Итальяндықтардың идеясы мынадай. Италияның солтүстігінде По өзенінің сағасында саябақ бар. Бұл өзінің биологиялық жағынан біздің Жайыққа өте ұқсас келетін су артериясы екен. Мұнда да біздегі секілді түрлі балық түрлері мен суда жүзетін құстарға мекен етуге қолайлы жағдай туғызатын таза экологиялық атмосфералық ауа бар. Айырмашылығы сол - По өзенінің сағасындағы саябақ итальяндықтар үшін көпшілік баратын нағыз демалыс орнына айналған. Болонье ғалымдары болса, бізде де сондай орынды ұйымдастыруға болатындығына сенімді.

Қазір олар ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының халықаралық тізіміне  енгізу үшін «Ақ Жайық» резерваты номинациясына құжаттар әзірлеуде.

«Бізге өз резерватымызды биосфералық ету не үшін керек? – дейді «Ақ Жайық» МТР-ның ғылым және мониторинг бөлімінің бастығы Александр ИВАСЕНКО. – Біздің мақсатымыз оның табиғи байлығын тек сақтап, көбейтіп қана қою емес. Резерват адамдарға қызмет көрсетуі тиіс. Сондықтан да біз оның аумағында экологиялық білім беру және экологиялық туризмді ұйымдастырғымыз келеді. Бұл «Жайық сағасының саябағы» жобасының ақырғы мақсаты. Егер бізде туризм дамитын болса, онда ол резерватпен шекаралас жатқан селолық округтардың тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берер еді. Халықтық кәсіпкерлікті де дамытуға болар еді, мәселен, киіз үйлер құрса, енді бірі жылқыларын ұсынса дегендей».

- Бізде өз саябағымыз қашан болады, - деген сауалға Болонье университетінің профессоры Луиджи КАНТЕЛЛИ былай деп жауап берді: «Егер саябақтың толығымен қалыптасуына қажет болатын уақыт туралы айтар болсақ, әрине, мұның бәрі әп-сәтте жасала қоймайды. Саябақтың инфрақұрылымын дамыту керектігін ескеру қажет. Біздің қазіргі мақсатымыз- адамдарды осы жобаға қатысуға тарту. Және ең бастысы, саябақтың ЮНЕСКО-ның халықаралық атағын алуы. Саябақтың өзінің қалыптасу мерзімінің тез болуы билік тарапынан болатын әрекеттерге байланысты болады. Саябақтың әлдебір халықаралық ұйым үшін емес, жергілікті халық үшін қызмет ететіндігін баса айтқым келеді».  

- Қорықтық аймаққа енетін Жайық сағасында мұнай төгінділеріне әрекет ету базасын салу  мәселесіне  қатысты сіздің қандай ойыңыз бар? Сіздің бұл саябақ жөніндегі идеяңызды «жасылдардың» назарын Қашаған мен Қарабатандағы экологиялық проблемалардан  аудартуға тырысу әрекеті деп күмәндануы  мүмкін ғой...

- Шынымды айтсам, мен жергілікті халықтың наразылығын тудырып отырған мұндай проблеманың бар екендігін білмеппін. Бірақ, мен саябақ туралы айтатын боламын, егер біз мұны дер уақытында жасайтын болсақ және саябақты  халықаралық ЮНЕСКО ұйымы мойындайтын болса, онда біз осынау қорықтық аймаққа жақын маңнан өнеркәсіпті нысан құрылысын салуға шешім қабылдаған адамдарға бәлкім бір әсерімізді тигізерміз. Мен біздің осы жобамыз арқылы бұл іске де өз үлесімізді қосатын болармыз деп есептеймін. 

– Экологиялық туризмді дамытуға біздің ерекше климаттық жағдайларымыз кедергі келтірмей ме? Оның ішінде мәселен, масаларды алайық. Дегенмен, масалар аңшылар мен браконьерлерге кедергі бола қоймас...

– Жайық және По өзендері сағаларының арасында үлкен айырмашылық бар деп айта алмаймын. Бұл жүйелер автономды. Алайда, нақты бір ауданның экологиялық жүйесі жалпы климаттық жағдайларға сәйкесті қалыптасады, яғни, жазғы және қысқы жағдайларға бейімделеді. Сондықтан да мен саябақты дамытуда нақты бір проблемалар туындайды деп ойламаймын. Өзім геология мәселелерімен айналысқандықтан По өзені сағасындағы саябақтың эволюциясын басынан-ақ қарау мен үшін қызықты болды: аумақ қалай дамыды, топырағы қалай, саябақ климаты жыл сайын қандай өзгерістерге ұшырайды. Іс жүзінде саябақтың экожүйесі өсімдік пен жануарларға бай, сондықтан да жүйе өз-өзін ұстап тұра алады деуге болады.

Қыркүйек айында По өзені сағасындағы саябақтың тұсаукесер рәсімі болады. Итальяндықтар жұртшылық алдында саябақтың қалай қалыптасқандығын көрсетпекші. Және оны бізде де жүзеге асыруға болады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Сурет  Ф. Сараевтың мұрағатынан алынды.

7 шілде 2011, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.