Қалалық әкімдікте шаруа қожалықтарының басшылары мен селолық округ әкімдерінің қатысуымен мәжіліс өтті.
– Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жекелеген бағдарламалар бойынша 20-дан 80 пайызға дейінгі көлемде субсидияланады. Мұнда алынатын техникалар мен жабдықтар жаңа болуы тиіс. Мәселен, сүт бағытындағы 50сиыры бар немесе 100бас бие немесе 600 бас саулығы бар шаруашылықтарда көліктер, тіркемелер, шөп жинайтын техникалар, сүт жабдықтары секілді техникалық сипаттағы бүкіл шығындардың 50 пайызына дейін субсидиялайды. Бұрын ондай болмаған еді, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВ.
Шаруашылықтардың шахталық құдықтарды немесе артезиандық ұңғымалар салу кезінде тигізілген бүкіл шығындарының 80 пайызы өтеледі. Бұл шаралар шалғайдағы жайылымдық жерлер үшін жерасты суларын пайдалануға бағытталған. Бұдан басқа, топырақтың орасан зор жерасты қабаты арқылы сүзгілеудің ұзақ жолынан өтетін таза жерасты сулары тамшылатып суару үшін өте қолайлы.
Субсидияның жаңа түрлерінің пайда болуы бұрынғылары жойылды дегенді білдірмейді. Оның үстіне, мәселен, егер бұрын тамшылатып суару әдісімен картоп өсіретін шаруашылықтарға 1 гектарға 30 мың теңге берілсе, қазір – 70 мың теңге беретін болды; егер бұрын бақша дақылдарын тамшылатып суару субсидияланбаған болса, енді бюджетте 1 гектарға 60 мың теңге салынған.
Бюджеттік бағдарлама әкімшісі - ауыл шаруашылығы министрлігі, субсидия алуға өтініш қабылдайтын операторы – «Қазагромаркетинг» АҚ болып табылады.
Мемлекет сондай-ақ, 5 гектардан кем болмайтын мөлшерде алма бағын өсіретіндерге қол ұшын береді. Субсидиялар кез келген сызбада көшеттер бір-бірінен 1 метр аспайтын жерде орналасқан жағдайда беріледі. Тағы бір шарты – біздің өңірімізді жерсінетін алманың будандастырылған «Жолақ анис», «Бурхард ренеті» және басқа да сұрыптарын отырғызу керек. Жылыжайлардағы өсімдік шаруашылығы да субсидияланады: өндірістік жылыжайлар 1 гектарға 2,5 млн теңге, өндірістік еместері –2 млн теңге алады. Біріншісі мен екіншісінің айырмашылығы – олардың көлемінде: өндірістік жылыжайлардың алаңы 0,5 гектардан кем болмауы тиіс, сондай-ақ, температураны, ауа ылғалдылығын, жарық режимін бақылайтын арнайы құралдары болуы тиіс.
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметтері бойынша, себу алаңы өткен жылғы 1 534 га-дан 1 926 га-ға дейін көбейген. Атырауда сегіз жылыжай, соның ішінде үш өндірістік жылыжай жұмыс істейді - «Атырауагросервис» ЖШС жылыжайы (алаңы 1 гектар), «Сабуров» шаруа қожалығы (1,3 га) және «Жұмағалиев» ЖК жылыжайы (2 гектар).
Зульфия ИСКАЛИЕВА