Көрнекі сурет.Махамбет ауданындағы мектептердің бірінде жұмыс істейтін мұғалім екі оқушыдан жеке куәліктерін алып қойып, бермей қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осыған байланысты ата-аналар аудандық прокуратураға шағымдануға мәжбүр болған.
Тексеру барысында мына жайттар анықталды: былтыр 5 қазан күні математика кабинетінде тұрған мұғалімнің үстеліндегі компьютерді 11-сыныптың екі оқушысы абайсызда құлатып алып, компьютердің мониторы сынып қалған. Мұғалім (сынып жетекшісі) ата-аналардан шығынды өтеу туралы қанша ескертсе де, нәтиже болмаған. Кейін ол прокурорларға бұл екі оқушының жеке куәліктерін 17 маусымда «аттестат толтыру» үшін алғанын түсіндірген. Алайда, аттестаттары тапсырылған соң да олардың жеке куәліктері қайтарылмағандығы анықталған. Осы себептен, олар жоғары оқу орнына түсу үшін құжаттар тапсыру кезінде проблемаға ұрынған.
- Бүгінде екі оқушының да жеке куәліктері қайтарылды, - дейді аудан прокурорының аға көмекшісі Ақтолқын БУДЕНОВА. - Мұғалім ҚР ӘҚБтК-нің 379-бабымен («Жеке тұлғалардан жеке басты куәландыратын құжаттарды заңсыз алып қою, сол сияқты оларды кепілге қабылдау») әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған әкімшілік жаза ретінде ескерту берілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА