Теміржолдың бойында орналасқан Құрманғазы ауданы Мақаш округіне қарасты 8-разъездегі 30 жеке тұрғын үй мен екі қатарлы үш үйде қазір барлығы 363 адам тұрып жатыр. Олар жылу, су, газсыз өмір сүріп келеді.
Жергілікті тұрғындар бұл елді мекенді Афанасьев ауылы деп те атайды. Алғашқы болып баспаналарын теміржол жұмысшылары жұмыстарына жақын болған соң салып алған. Қазір де мұнда содан басқа жұмыс жоқ. Әйелдер жолдың бойына шығып, сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшік, т.б. сүт өнімдерін сатады.
- Біздің ауылда бастауыш мектеп пен медпункттен басқа ешқандай мекеме жоқ, сондықтан, еш жерге жұмысқа тұра алмаймыз. Ал, бұл жерден көшіп кетейік десек, ақша жоқ. Амалымыз жоқтықтан бәлен жыл қиындықтарға көндігіп келеміз, - дейді тұрғындар. - Жазда қазандыққа от жағып, тамағымызды пісіріп отырмыз. Ал, қыста көмір мен тезектің қиын жағып, амалдаймыз. Газ келсе деп армандаумен жүрміз. Егер осы мұқтаждықтар шешілсе, ауыл адамдарының көшкісі жоқ. Бұл - үйренген жеріміз ғой.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылға ауыз су құбырын тарту жұмысы басталмай жатып тоқтап қалды. Өз міндеттерін орындамаған мердігерді жергілікті билік сотқа берді.
Жақында осында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ келіп, ауылдың проблемаларын шешуге уәде еткен. Ал, бұрынғы мердігермен соттасу жалғасуда.
Газ құбырының жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр, сараптамадан да өткен. Енді газ құбырын жүргізу үшін қаржыландыру керек. Облыс басшысы газ құбыры үшін 200 млн теңге қаржы республикалық немесе жергілікті бюджеттен бөлінетініне сөз берді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды