Қытайлық компаниялардың Мақаттан ірі кеніш ашқаны рас па? Облысымызда қанша жаңа кеніш ашылды және ол кімге тиесілі? Осы және басқа да сұрақтар бойынша ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне қарасты мекеме - «Батқазжерқойнауы» өңіраралық департаментіне хабарласқан едік.
«Батқазжерқойнауы» департаментінің мәліметтері бойынша, соңғы үш жылда Атырау облысында алты жаңа кеніш ашылған: «Борқылдақты», «Шығыс Қызылжар», «Асанкетен» (үшеуі де Жылыой ауданында), «Үйтас» (Қызылқоға ауданы), «Батыс Сағыз» (Мақат ауданы) және«Новобогат ОШ» (Исатай ауданы). Алғашқы бес кеніш бойынша Ұлыбританияда тіркелген «Макс Петролеум» компаниясының 100 пайыз еншілесі «Самек Интернешнл» ЖШС жер қойнауын пайдаланушы болып табылады. «Новобогат ОШ» кеніші «Ембімұнайгаз» ӨФ-ның еншісінде.
Департаменттегілер нақтылағандай, барлық алты кеніш сыныптама бойынша 1 млн тоннаға дейін қоры бар деп болжанған ұсақ кеніштерге жатады. Алайда, департаменттің осы ақпаратымен «Макс Петролеум» компаниясының kase.kz сайтында жарияланған мәліметтерінде едәуір айырмашылық бар: «Шығыс Қызылжар» - дәлелденген қоры 263 мың баррель (бір тоннада 7,7 баррель), «Үйтас» - ықтимал қорлары 1 млн баррельден астам, «Батыс Сағыз» - дәлелденген қорлары 1,6 млн баррельден астам, «Асанкетен» - дәлелденген қорлары 1,3 млн баррель. «Батқазжерқойнауы» департаментінің мәліметтері бойынша, Атырау облысында қазіргі уақытта 70 кеніш игерілуде, оның 2-і алып кеніш санатына жатады: Теңіз (алынатын мұнай қорлары 750 миллионнан бастап 1,1 миллиард тонна мұнайға дейін, ілеспе газ қоры – 1,8 трлн текше метр) және Қашаған (геологиялық қоры 6,4 млрд тонна мұнай деп бағаланады, табиғи газ қоры – 1 трлн текше метрден астам).
42 кеніш «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы арқылы «ҚМГ» БӨ» АҚ-на тиесілі – бұл «ембілік» кеніштер тобы. Оның 5-уі тұмшалануда; 2 кеніш – Сағыз бен Тәжіғали теңіз суының басуына және таусылуына байланысты жабылған. Өндірістік филиал пайдаланып жатқан 37 кеніштің 8-і өндіру мен қорлар көлемі тұрғысында ірі кеніштер болып табылады: Кенбай, Нұржанов, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Ботахан, Забурын, Шығыс Мақат, Жаңаталап, Оңтүстік-Шығыс Қамысты.
Атырау облысындағы 20 кенішке қазіргі кезде геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Ірі барланушы кенішке Ақтоты (геологиялық қоры 269 млн тонна мұнай) мен Қайраң (геологиялық қоры 150 млн тонна мұнай) кеніштері жатады.
Екі кеніштің операторы – Солтүстік Каспий жобасының құрамына кіретін Аджип ҚКО компаниясы.
Қытайлықтар Мақаттан жаңа ірі кеніш ашыпты деген ақпараттан «Батысқазжерқойнауы» бейхабар болып шықты.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА