13 шілдеде Атырауда «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойынының екінші және үшінші турлары өтті. Бұл танымал ойынды қаламызда «Жастарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылар «Не? Қайда? Қашан?» ойынының барлық ережелерін сақтауға тырысады, алайда, клубтың жеке орынжайы болмағандықтан, ойындар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өткізіледі. Зырылдауық (волчок) табудың өзі оңай шаруа емес екен. Нәтижесінде балалар ойыншығына тетіктер қосып, ойын үстелінің ортасына орналастырды. Дегенмен, ең бастысы, жастардың бойында өз біліктіліктерін сынап, осы керемет ойынды ойнау арқылы уақыт өткізуге деген құлшыныс бар.
- Біз әлеуметтік желілерге хабарландырулар іліп, ірі кәсіпорындарға хат тараттық. Зияткерлік ойынға бей-жай қарамайтын барлық адамдарды шақырдық, - дейді ұйымдастырушылардың бірі және ойынды жүргізуші Әнуар ЖҰМАБАЙ.
Нәтижесінде 12 команда жиналды: «Виктория», Soul Kitchen анти-кафесі, Атырау халықаралық әуежайының командасы, Фейсбук қауымдастығы командасы, «Фортуна», «Разные люди», Empire, «Магистраль», Алтынбек Сариевтің командасы, Бауыржан Нұрғалиевтің командасы, «Баррель» және «Фаворит» командалары. Аттары айтып тұрғандай, араларында корпоративті командалар да, достар мен таныстар компаниясы да бар. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желі арқылы атыраулықтарға өз сұрақтарын жіберуді ұсынды. Алайда, өз талаптары бар. Өйткені, «НҚҚ» – ойыншылардың түрлі ғылым саласы бойынша білімдерін тексеретін «емтихан» емес, бұл ақыл-парасаттың сайысы. Ойынның бір қызығы, ол бір минут ішінде белгілі бір жаңалық ашып, өзіңе таныс емес бір нәрсені білуге мүмкіндік жасайды. Сонымен, біріншіден, сұрақ жеңіл болмауы керек. Егер білімпаздар командасы бірден жауап берсе, олар ойындағы ең маңызды нәрсе – шешімді іздеуден алатын ләззаттан құр қалады. Екіншіден, бұл бірінші тармаққа қарама-қайшы, сұрақ өте қиын да болмауы керек, яғни, команда өз логикалары мен жалпы білімдеріне сүйеніп, жауабын таба алуы қажет. Көпшілік адамдар «ешкім жауап бере алмайтын» сұрақ дайындау үшін интернет алдында ұзақ уақыт отырып, ізденеді. Ал, білімпаздарда ойын кезінде ондай ресурстар жоқ, бар сүйенерлері – бастағы білімдері мен бір минут. Үшіншіден, сұрақ қызықты болу керек.
- Ең бастысы, жауап сұрақтың ішінде тұру керек. Сұрақтар ойыншылар үшін жазылатынын естен шығармауымыз қажет. Бұл сұрақ қалай талқыланады, командалар қандай нұсқалар береді, оларға не көмектеседі және не кедергі келтіреді, осының бәрін ойластырған жөн. Ойыншының энциклопедиялық білімі болмауы мүмкін, алайда, үлкен танымы мен логикалық ойлауы арқасында шешім тауып кетіп жатады. Сондықтан да ойыншылар жауап іздегенде зияткерлік ләззат алатындай сұрақтар құрастырған жөн, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан АЗАМАТОВ.
«Не? Қайда? Қашан?» әуесқой ойындары жастар арасында өте әйгілі, олар Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларында өткізіледі. Классикалық ойынның турнирлік кестесін толықтай сақтау атыраулық ойыншылардың қолынан келе қоймас. Өйткені, біріншіден, командалар көп емес. Екіншіден, маусым жыл басында емес, 28 маусымда басталды. Айта кетсек, бірінші ойында білімпаздар бірде-бір сұраққа дұрыс жауап таба алмады. Әр ойыннан кейін ұйымдастырушылар кез келген адам өз біліктіліктерін сынауға мүмкіндік алу үшін сұрақтарды әлеуметтік желілерге салып қояды.
Екінші ойында Soul Kitchen командасы ойнады. Команда капитаны Әлішер БЕРДІМҰРАТОВТЫҢ айтуынша, жастар «НҚҚ» сұрақтары базасында дайындалған, теледидардан ойынды қараған.
Алдымен көрермендер командасы 4:0 есебімен алға шыққан, ойыншылар есепті 4:3-ке дейін қысқарта алғанмен, қорытындысында 6:3 есебімен ұтылып қалды. Үшінші ойынға Empire командасы шықты. Ойыншылар жақсы бастап, 4:1 есебімен ұтып жатты. Алайда, бұдан кейін жолдары болмай, 6:4 есебімен көрермендерге есе жіберді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор