Әуежай тас жолынан Атырауға кірер ауыздағы жол айрығының еңістігінде «гүл» сағаттар пайда болыпты. Ландшафты дизайнның өзіндік туындысына бюджеттің 20 млн теңгесі жұмсалған.
Қаржы облыс орталығын абаттандыру шеңберінде бөлінген. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс, ТКШ және көлік жолдары бөлімі. Мердігер өкілі «Ерасыл Құрылыс kz» ЖШС-нің учаске бастығы Асқар ШАХАЕВТЫҢ айтуынша, «гүл» сағаттың кешеніне бетон негіз, металл құрылым, нұсқау тілдері мен спутниктік GPS навигация жүйесі бар сағат механизмі кіреді.
Нұсқау тілі бар механизмнің өзі 7,5 млн теңгеге шыққан. Оны жасауға Украинадағы зауытқа тапсырыс берген, оны дайындауға 1,5 ай кетіпті. Сағат көлемі - 7,1х8,5 метр, сағат тілінің ұзындығы - 2,4 м, минут тілі - 2,8 м. Механизм салмағы 150 келі шамасында, әр нұсқау тілінің салмағы – 30 келідей.
Эллипс ішіндегі көгал - жасанды газон, онда 700 жасанды сары гүл болады. Айналасына 2000-дай алуан түсті тірі шырайгүл отырғызылмақ.
Салмақты механизм металл тірекке бекітілген 5 тонналық құрылымға орнатылған. Ол минус/плюс 50 градус экстремалды температураға төзімді. Дайындаушы зауыт берген кепілдік мерзімі – 2 жыл.
Бетон құрылымның ішінде – сағат механизмінен басқа суару жүйесі, есептегіш, GPS блогы «жасырылған» кішкентай техникалық орынжай бар. Сағаттар электр энергиясымен жұмыс істейтін болады.
- Аумаққа кеспе тас төсеуді және қала тұрғындары соның аясында суретке түсе алатындай болу үшін сағатқа көтерілетін баспалдақ салғымыз келеді, - дейді А. Шахаев.
«Гүл» сағат 18 шілдеде іске қосылады. Атыраудан басқа мұндай сағаттар Астана мен Алматыда бар. Батыс бизнесмендері уақыт – ақша, секунд – доллар демейтін бе еді?
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ