"Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатында Германия құрама командасы Аргентина командасын жеңіп, әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды" деп хабарлайды Tengrinews.kz Vesti.kz ақпарат құралына сілтеме жасап.
Әлемдік доданың ақтық ойыны Рио-де-Жанейроның "Маракана" стадионында өтті. Кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен тең аяқталды. 15 минуттан тұратын қосымша екі тайымда немістер басымдығын дәлелдеді. Негізгі уақыттың 88-ші минутында Мирослав Клозенің орнына алаңға шыққан Марио Гетце ойынның 114-ші минутында аргентилақтар қақпасынан саңылау тауып, жеңісті жалғыз голдың авторы атанды.
Бұған дейін Германия құрамасы 1954, 1974 және 1990 жылдары әлем чемпионы атанған еді. Сондай-ақ, неміс футболшылдары төрт рет күміс және төрт рет қола медалді мойындарынан таққан болатын.
Мундиалдағы жеңісі үшін Германия құрамасы 35 миллион доллар, ал аргентиналықтар 25 миллион, үшінші орын үшін болған айқаста Бразилия құрамасын 3:0 есебімен жеңген Голландия командасы 22 миллион доллар еншілейді.
Естеріңізге сала кетсек, жартылай финал ойындарында Германия Бразилияны 7:1 есебімен тас-талқан етсе, Аргентина құрамасы 11 метрден доп тебуде 4:2 есебімен Голландия командасын қапы қалдырған болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz