Атырау, 16 қазан 11:53
 ашықВ Атырау +17
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Батпақты өлкені бау-бақшаға айналдыру мұң боп тұр

4 988 просмотра

«Бейбарыс» даңғылын (Әлиев-Сатыбалдиев) көгалдандыру жөніндегі кезекті сәтсіз науқан туралы материал жарық көргеннен кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен ресми жауапты ұзақ күтуге тура келді. Бас мердігер «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС де жауап беруге асығар емес. Сондықтан көшеттердің өліп қалу себептерін өз бетімізбен анықтауға тырыстық. Сөйтсек, олар «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС басшылығы айтқан ахуалдан да салмақтырақ боп шықты.

«КЕЙБІРІ ҒАНА ӨСПЕЙ ҚАЛДЫ»

Алдымен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен келген жауапты келтірейін. Атап айтқанда, осы мекеменің басшысы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ көгалдандыру жұмыстарына ландшафтық дизайн саласының мамандары жұмылдырылғандығын растаған. Олар агротехникалық шаралар кешенінің дұрыс және толық көлемде орындалуына бақылау жасайды екен. Әрі қарай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі кей учаскелерде «көшеттердің кейбірі шығын болғанын» мойындаған.

Сондай-ақ, жетекші мамандардың жерасты суларын зерттеу кезінде «жол жиегіндегі су жинайтын науалардың» теріс әсер етуі мүмкін екендігін ескермегенін, соның салдарынан ағаш отырғызатын кей жерлердегі су деңгейі көктемгі маусымда топырақ бетіне шығып, қазіргі уақытқа дейін тұрғанын айтыпты. Сол кезде осы көрсеткіш минус 1 метрді құраған екен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жорамалы бойынша, жерасты сулары деңгейінің нормадан ауытқып көтерілуіне науаларға жиналып қалған жаңбыр сулары әсер еткен. Ол жерасты суларымен араласып, олардың деңгейін көтеріп жіберген. Өйткені мамыр мен маусым айларында нөсер жиі жауды. Бұдан басқа, Әлиев-Сатыбалдиев учаскесінің көп бөлігі қаланың канализациясы жоқ ескі ауданында орналасқан. Жерасты сулары сондай-ақ, жеке сектордың лас суларымен араласып, өсімдіктерге теріс әсер ететін көрінеді.

Тағы да: «...биылғы жылы көшеттерді отырғызу жөніндегі орындалған жұмыстардың актілері тапсырыс берушіге (ТКШ-ға) ұсынылмаған. Келісімнің шарттары бойынша төлемдер мердігерге жұмыс лайықты түрде орындалғаннан кейін ғана аударылады. Дегенмен де, келісім-шарт бойынша жұмыстар ағымдағы режимде жалғасуда және әрі қарай арнайы дайындалған өсімдіктер отырғызылуда».

Суармалы су құбыры бойынша: ол жерге көмілмеген, жер бетінен 50 см-ден аспайтын тереңдікте орналасқан. Қысқы мезгілде суару жүйесі су қалдығын ағызу үшін үріліп тазартылады. Қазіргі уақытта жақсы жұмыс жасап тұр.

МИЛЛИОНДАР ТУРАЛЫ ЖАҚ АШПАЙДЫ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жауабы бұл ахуалды айқындап бермеді. Егер биылғы жылы көшеттер жиі және мол жауын-шашынның салдарынан өліп қалған болса, неліктен осы даңғыл бойындағы алғашқы науқан да солай сәтсіз аяқталған? Неліктен ландшафтық дизайн саласындағы жетекші мамандар бұрынғы тәжірибеден сабақ алмаған? Әлде даңғылды көгалдандырудың бірінші тәжірибесі сынақ түрінде болған ба («АЖ»-тың 8-бетін қараңыз)? Атыраулықтарға мұндай тәжірибелер қымбатқа түседі. 2009 жылы, мәселен, осы даңғылға 100 млн. теңге жұмсалған. Айтпақшы, тұрғын үй бөлімі де, «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС басшылғы да биылғы жылы «Бейбарысты» кезекті көгалдандыруға бағытталған сомалар туралы да жақ ашпай отыр. Бұған тағы да миллиондардың жұмсалғанына сенімдімін...

КӨШЕТТЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ ҚУРАП ҚАЛҒАН

Даңғылда ағаштардың неліктен өспей қалғанын өзіміз түсіну үшін облысқа танымал гидрогеолог  Едіге САБЫРОВПЕН сол жерге бардық. Даңғылды ұзын бойына тексеріп шыққан соң, «кейбір көшеттердің шығындалғанынан» да жағдайдың мүшкіл екенін анықтадық. Жол жиегінде қурап қалған бірнеше талдарды қоспағанда, барлық көшеттер дерлік өліп қалған екен. Әсіресе, даңғылдың ортасына отырғызылған көшеттер өспей қалған. Е. Сабыров, тұрғын үй бөлімі секілді, өсімдіктің өсуіне бітелген бетон науалар жағымсыз әсер еткен деп есептейді.

- Олар ешқайда ағып кетпейтін суды жинағаны аздай, масалардың дернәсілдері өсіп-өнетін ұясына айналған. Көшелері түрлі деңгейде орналасқан және жаңбыр суы табиғи жолмен төменге қарай ағатын Алматыдан айырмашылығы, бұл даңғыл көлбеу жазықтықта орналасқан. Бұдан басқа, жапсарласқан осы науалар суды екі жағынан топыраққа жібереді. Сөйтіп кеспек тас төселген жолдың орта бөлігіндегі топырақ ылғалға қанығып, қатынасты ыдыстар әсері туындайды. Алдымен жаңбыр суы жерасты суының деңгейіне жетеді де, сол жерден ылғалданған топырақтың бетіне тұз шығады. Осындай ортада өсімдік өніп кете алмайды.

Мұны шұңқырлардың бірінен көруге болады (суретте). Ондағы су деңгейі науадағы су деңгейіндей болады. Өсімдік судың молдығынан шіріп кеткен. Жол жиегіне отырғызылған көшеттердің жағдайы сәл жақсырақ. Оларда су мұндай мол емес.

Бірақ осындай дренажды науалар Сәтбаев бойында да бар емесе пе?

– Мен қарап шықтым. Ол жердегі ара қашықтық Бейбарысқа қарағанда көп. Содан кейін ол орталық канализациясы бар қала орталығы ғой. Әлиев-Сатыбалдиев бойындағы жерасты сулары деңгейінің көтерілуіне септиктерді салуға және уақытында тазалауға лайықты көңіл аудармаған тұрғындардың да үлестері бар. Құрылыс нормалары мен ережелері бойынша, септик қоршаған топырақты қабаттан толықтай оқшау болуы тиіс. Ал бізде септиктің ішіндегілер топыраққа сіңіп кету үшін түбінен саңылау жасайтын «өнер тапқыштар» кездеседі.

Бұдан шығатын жол қандай?

– Әр үйдегі септиктің жағдайына бақылау жасап отыру қиын. Бұдан шығатын жолдардың бірі – ағынды суларды биологиялық тазартудың жеке жүйесі болуы мүмкін деп ойлаймын. Осылайша тазартылған суды, тіпті, ішуге болады дейді. Ол суды ішпесек те, техникалық дақылдарды суаруға болады. Ал қалған тұнбаны органикалық тыңайтқыш ретінде пайдаланған жөн.

– Бұл өте қымбат шығар?

– Сіз бұл ақшаны екі жыл ішінде септикті тазарту үшін жұмсайсыз.

ҚАЛА ӨЗІН ӨЗІ СУҒА КЕТІРЕДІ

– Даңғылға қайта оралсақ. Қаладағы жеке сектор тұрғындарының саналылығына үміттену бір бөлек те, үлкен экологиялық қауіп төндіріп тұрған салмақты мәселені шешу басқа мәселе. Бейресми ақпарат көздерінен алынған редакциядағы мәліметтер бойынша, Әлиев-Сатыбалдиев ауданында соңғы жылдары жерасты суларының деңгейі күрт көтерілуде екен. Егер 2006-2007 жылдары  тәжірибе ұңғылары орналасқан жерлерде жерасты сулары 1 метр деңгейінде болса, 2010 жылы оның деңгейі 0,79 метрге дейін жеткен. Биылғы жылдың мамырында су 0,52 метрге көтеріліп, кей жерлерде 0,27 метрге дейін жеткен. Мен «ЗапказНедра» аймақаралық департаментіне сұраныс жіберген едім. Соның ішінде жерасты сулары деңгейінің осылай күрт көтерілу салдары туралы да сұрадым. Сіз бұл фактілерді қалай түсіндіресіз?

– Бұл адам әрекетінің күйінішті нәтижесі. «Құрғақ» өндіріс деп аталатын элеватор қызметін зерттеу барысында гидрогеологтар жасаған бақылауды мысалға келтірейін. Ол салынғанға дейін су 40-50 метрге дейінгі тереңдікте болды. Аумақты асфальттағаннан кейін су жер бетінің деңгейінен 3 метрге дейін көтерілген. Сусыз жұмыс істейтін құрғақ өндірістің өзі осындай. Сондықтан жобалау кезеңінде суды қайда бұруға болатынын бірден ойластыру қажет. Тағы бір көрнекі мысал: қала сыртында жерасты сулары 3 метрден аса тереңдікте орналасады. Ал қала шеңберіндегі кей жерлерде оның тереңдігі бір метрден аз құрайды. Бейбарыста судың кей жерлерде сортаңды көлшіктер түзіп, жер бетіне шығатынын көріп отырсыз.

ДРЕНАЖДАН БАС ТАРТПАУ КЕРЕК

Айтпақшы, қалада жерасты сулары жоғары орналасқан басқа аудандар да бар екен. Авангард ықшамауданындағы жолға жөндеу жасалып жатқан Владимирский көшесін суретке түсіріп алған едім. Ол жерге де «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС жұмылдырылған. Алайда бюджет миллиондарының соңына түскен көгалдандырушылар мамандарға уақытында хабарласпаған. «ЗапКазНедра» аймақаралық департаментіндегілер жерасты сулары бойынша олардан тек 29 маусымда ғана сұраныс түскенін мәлімдеді. Ақшалар игеріліп жатқанымен, өзгеріп жатқан ештеңе жоқ. Гидрогеолог ретінде қандай кеңес бересіз, жерасты суларымен қалай күресуге болады?

– Әртүрлі тәсілдер бар. Соның ішінде жерасты суларын мәжбүрлі бұруға да болады. Бірақ бұл жерде гидрогеологтардың, құрылысшылар мен басқа мамандардың дұрыс зерттеулері мен жүйелі жұмыстары қажет. Өйткені тұрғын үй массивтерінен суды  ойланбай тарту топырақтың физикалық сипаттамасының өзгеруіне әкелуі мүмкін. Қайтадан дренаждық жүйені салу туралы мәселені көтеру керек. Серікбек Дәукеев кеткеннен кейін осы идеяға қатысты жұртшылықта күмән туындаған еді. Ол кезде де бәрі қысқа мерзім ішінде асығыс-үсігіс жасалғандықтан осындай нәтижеге қол жеткізген болатын. Сондықтан қайталап айтамын, бұл жерде нақты және жүйелі жұмыс қажет.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

7 шілде 2011, 00:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.