Индонезияда сәрсенбі күні президент сайлауына дауыс беру басталды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Алғашқы сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат таңғы 07:00-де (Астана уақыты бойынша 06:00) ашылды. Дауыс беруге алты сағат қарастырылған. Сайлау кезінде қауіпсіздікті тек полицейлер ғана емес, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлерінің арнайы отрядтары да қамтамасыз етуде.
Индонезияда шамамен 190 млн сайлаушы дауыс беруге құқылы. Елде 480 мың сайлау учаскесі жұмыс істейді. Тіпті жолдары жаман аудандарға да тікұшақ, қайық, жол талғамайтын көліктер және аттардың көмегімен арнайы жәшіктер мен бюллетеньдер жеткізілді.
Биылғы президент сайлауына екі кандидат үміткер –Джакартаның губернаторы Джоко Видодо мен отставкадағы генерал-лейтенант Прабово Субианто.
Индонезияның заңнамасына сәйкес, президент тағына үміткерлерді тек парламентте 20% орны бар партия немесе коалиция ұсына алады.
Дереккөз: bnews.kz