12 шілдеден бастап балабақшалар мен білім беру мекемелеріне 100 метрден жақын орналасқан сауда нүктелерінде алкоголь сатуға салынған тыйым алынып тасталды.
- Атыраудағы жер тапшылығына байланысты, бұл норма кәсіпкерлер үшін үлкен мәселе еді, - дейді Облыс кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА.
Әр өңірдегі кәсіпкерлер одағы бұл мәселені түрлі жиналыстар мен отырыстарда көтеріп, қаржы министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге хат та жолдаған. «100 метрлікті» алып тастау үшін күрес бес жыл бойы жүріп келді. Бизнесмендердің пікірінше, бұл нағыз жемқорлыққа жол беретін талап еді: көптеген кәсіпкерлер мектеп пен дүкен арасы 100 емес, 99 метр болғаны үшін тексерушілерге пара беруге мәжбүр болды. Сонымен қатар, бұл жағдай қай жерден қай жерге дейін өлшеу керек, балабақша дүкен ашылғаннан кейін салынса, не істеу керек деген сияқты көптеген даулы сұрақтар тудырды.
12 шілдеден бастап, «Этиль спирті және алкогольдік өнімдерді өндіру мен айналымға салуды мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша ҚР-дің кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заң күшіне енгеннен кейін бұл тыйым алынып тасталды. Мұның орнына спирттік ішімдіктерді сату тәртібі уақытқа шектеу қою, яғни, сағат 21.00-ден келесі күнгі 12.00-ге дейін сатуға тыйым салу арқылы қатаңдатылады. Бұл талап 30 градустан жоғары алкогольдік ішімдіктерге қатысты. Ал олардан әлсіз ішімдіктерге тыйым салу уақыты бұрынғыша – 23.00-ден таңғы 8-ге дейін. Мейрамханалар мен кафелерге бұл жаңа норма қолданылмайды. Сонымен қатар, алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатқаны үшін жауапкершілік күшейтілді: бұрын лицензия әрекетін тоқтатумен бірге 5 АЕК болса, қазір лицензия әрекетін тоқтатумен бірге 10 АЕК айыппұл салынады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА