Атырау, 21 желтоқсан 12:43
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

3 069 просмотра

Cпорт  шеберіне үміткер болды

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауылында 1998-99 ж.т. жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері Еділ Ишекеновты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті. 

Осы беделді турнирге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің көптеген облысынан 200-ге жуық былғары қолғап шебері қатысты. Атырау қаласындағы 4-БЖСМ жарысқа 6 спортшы қатыстырған, олардың біреуі жүлдемен оралды: 38 келіге дейінгі салмақта Сұлтанбек Нұрбердиев қола медальға ие болып, ҚР спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. Оны облыс жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ерболат Дәулетбаев жаттықтырады. 

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

Азамат Инчхонға барады

Павлодарда еркін күрестен ел чемпионаты өтті.

Атыраулық спортшы Азамат Өміржанов (суретте) бұл жарыста алтын медаль ұтып, күзде Инчхонда (Корея) өтетін Азия ойындарына жолдама алды. Ол финалда 2012 жылғы Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровты жеңді. Мақаттық палуан Айдарбек Баймұратов чемпионаттың күміс жүлдесін алды. Ол ұлттық құраманың қатарында Ташкентте өтетін әлем чемпионатына барады.  

Ал, Қарағандыда грек-рим күресінен ел чемпионаты өтті, мұнда 1-БЖСМ шәкірті Илья Насточенко күміс медаль иеленді. 

***

 

 

Мейірбек - ең епті палуан

Қызылордада 1998-2000 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақ ССР спорт шебері Д. Смаиловты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. 

Жарыстарға Атырау қаласының 1-БЖСМ шәкірттерімен бірге 300-ден аса жас палуан қатысты. 42 келіге дейінгі салмақта Ерболат Ізғалиев жеңімпаз атанса, Айдос Қизатов пен Абай Лұқпанұлы күміс иеленді. Мейірбек Сатаев қолаға қол жеткізді. Сонымен қатар, Мейірбек «Ең үздік техникасы үшін» сыйлығына ие болды. Спортшыларды Айдос Лекеров, Асылан Жаманбаев және Данияр Қабдолов дайындады. 

***

 

Мемлекеттік қызметшілер жарысы

«Мұнайшы» стадионында мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиада өтті. 

Спорттың 5 түрінің төртеуінде Құрманғазы ауданының мемлекеттік қызметшілері жеңімпаз атанды: тоғызқұмалақ – аудан әкімдігінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы Зинетолла Мұхлесов, үстел теннисі – Байда ауылдық округінің әкімі Эдуард Азатов, волейбол – (үздік ойыншы) аудандық мәдениет және тіл бөлімінің бас маманы Зияда Жоламанова, мини-футбол – (үздік ойыншы) аудандық туризм және спорт бөлімінің бас маманы Ернар Рахметқалиұлы. Жеңіл атлетикадан «алтынды» облыстық туризм және спорт басқармасының бас маманы Айман Меңдіғалиева жеңіп алды. Командалық есепте 1-орынды Құрманғазы ауданы, 2-орынды облыстық әкімдік, 3-орынды Махамбет ауданы иеленді.  

***

 

 

Ерекше турнир


«Атырау» ДСК-де қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан ІІМ ашық чемпионаты өтті. 

Жарысқа 17 ішкі істер департаментінің және басқа да құқыққорғау құрылымдарының 200-ден аса қызметкері қатысты. Бірінші турда қатысушылар пышақпен және атыс қаруымен қаруланған қарсыласқа қарсы тұру дағдыларын, сондай-ақ, қылмыскерді ұстау және кепілге алынған адамды құтқару кезінде қолданатын әдістерін көрсетті. Бағдарламада осы турдың болуы ІІМ чемпионатын «азаматтық» қоян-қолтық ұрыс жарыстарынан ерекшелендіреді. Екінші турдан бастап айқаста жеңілгендер жарыстан шыға береді.  

Қорытындысында командалық есепте 1-орынды Қазақстан ІІД, 2-орынды Ұлттық гвардия, 3-орынды мемлекеттік күзет қызметінің командасы алды. Атыраулықтар арасынан ІІД арнайы бөлімшесінің қызметкері Санат Нағимов (жаттықтырушысы Хайдар Есенғалиев) көзге түсіп, 85 келіге дейінгі салмақта алтын медаль ұтты. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

***

 

 

Ең жас чемпиондар

«Мұнайшы» орталық жүзу бассейнінде өткен балалар арасында жүзуден республикалық ашық біріншілікте біздің командамыз 20 медаль ұтып алды. 

Жарыстарға Ақтөбе, Орал, Екібастұз және Атыраудан 2004 жылы туған және одан жас 90-нан аса бала қатысты. Жиналған ұпайлар есебі бойынша Атырау ақтөбелік командадан кейін 2-орын алды. Біздің спортшыларымыз 6 алтын, 4 күміс және 10 қола медальға ие болды. Аға жаттықтырушы Д. ЕСЕНҚҰЛОВТЫҢ шәкіртіВиолетта ШИЛЬМАН 50, 100, 200 метр қашықтықта еркін әдіспен жүзуде бірінші орындарды алып, керемет өнер көрсетті. Ер балалар арасынан белгілі жаттықтырушы Иван ГАЛКИННІҢ шәкірті Дамир АЛТАЙҰЛЫ 200 метр қашықтықта кешенді жүзуде жеңіске жетті. Сондай-ақ, 7-ге жаңа толған Диар ҒИЗАТОВ (суретте) жарыстың ең жас қатысушысы атанды. Жасының кішілігіне қарамастан Диар 50 метр қашықтықта еркін әдіспен жүзуде өзінен үлкен қарсыластарын ұтты.

- Бұл ең жас жүзгіш мұндай нәтижелерімен тек республикалық жарыстарды жеңіп қана қоймайды, ол ел намысын халықаралық турнирлерде қорғайтын болады, - дейді  сенімді түрде жаттықтырушысы.

Бағдарламадағы соңғы 4х50 метр эстафеталық еркін әдіспен жүзуде Диар Ғизатов, Біржан ХАЛЕНОВ, Нұрсат НҰРЛАНОВ, Дамир АЛТАЙҰЛЫ керемет жеңіске жетті. Қиыншылықтарға қарамастан Атырауда соңғы жылдары жүзу спортының деңгейі көтеріліп келеді. Бұл, ең алдымен, «Мұнайшы» ОЖБ-ның барлық жаттықтырушыларының, әсіресе, Ильфат ГАТИЯТУЛЛИН, Нұрлан НҰМАҒАЗИЕВ және Анарбек ҚОНЫСОВТАРДЫҢ арқасы. Жас чемпиондарымызды алда әлі талай жеңістер күтіп тұр. Сәттілік тілейміз!

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

3 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.