Үстел теннисінен облыс құрамасының Қазақстанның командалық ашық чемпионаты Суперлигасынан бір матч та өткізбестен шығып қалу қаупі бар. Осы және басқа да мәселелер туралы біз үстел теннисінен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Риза МАМУТОВ және команда ойыншысы Айбек ҚАЙРАЛИЕВПЕН (суретте) сұхбаттастық.
СПОРТ ЖҰМЫС ТАБУҒА КӨМЕКТЕСТІ
- Риза Ибрагимұлы, не болғанын айтып беріңізші.
-Биыл біз Қазақстанның командалық ашық чемпионатының Жоғары лигасында өнер көрсетіп, жетістікке жеттік. Қостанай облысы Затобольск қаласында өткен бірінші турда барлығын айқын басымдықпен ұттық. Бұл жарысқа баратын жолсапарды облыстық туризм және спорт басқармасы қаржыландырды. Алайда, содан кейін облспортта кадрлар ауыс-түйісі болды да, бір қаржыландырусыз қалдық.
Алматыда өткен екінші турға команда өз ақшасымен барды. Екі турдың қорытындысы бойынша біз бірінші орынды сақтап қалып, Суперлигаға шығатын жолдамаға ие болдық. Алайда, қаржыландыру мәселесі әлі де шешілген жоқ.
-Облыс құрамасында өнер көрсететін спортшыларды атаңызшы.
-Облыс құрамасы сапында Қазақстан құрамасының мүшелері ақтөбелік Әсет Бабасов пен алматылық Тимур Келбұғанов бар. Сондай-ақ, «үштігіміздің» қатарында АМӨЗ жұмысшысы Айбек Қайралиев те бар. Роман Шушаков пен Владислав Тен қосалқы құрамда. Екінші турда жолымыз болды: бұл уақытта Әсет пен Тимур Алматыда болды да, Айбекті жарысқа зауыт жіберді.
Алайда, Әсет науқастанып қалып, ал, қосалқы құрам ойыншыларын жіберуге қаржы болмағандықтан, барлығы үшін Тимур мен Айбек тер төкті және олар жеңіске жетті.
- Суперлигада кімдермен ойнайсыздар?
-Үстел теннисінің ережесі басқа спорт түрлерімен бірдей: аутсайдерлер көшбасшылар тобынан кетеді де, оның орнына төменгі лига командалары көтеріледі. Биыл Суперлигадан Ақтөбе мен Өскемен командалары кетеді. Егер біз Суперлигаға қатысуымызды қаржыландыратын демеуші тапсақ, Ташкент, Астана, Алматы, Хромтау, Бішкек және Қостанай командаларымен күш сынасамыз. Суперлига ойындары 14 қыркүйекте басталады. 31 тамызға дейін біз қатысатынымызды жазбаша растауымыз қажет.
-Айбекке сұрақ: үстел теннисімен қашаннан бері шұғылданып жүрсіз? Спортпен шұғылдану жұмысыңызға кедергі келтірмей ме?
- Мен үстел теннисі секциясына кештеу, 14 жасымда келдім. Сол кезде, яғни, 1995 жылы секция облыстық Пионерлер үйінің (қазіргі Кіші өнер Академиясы) жертөлесінде орналасқан еді. Риза - менің сол кездегі және қазіргі жаттықтырушым. Айтпақшы, тенниспен шұғылдану АМӨЗ-ге жұмысқа кіруіме көмектесті. Біздің зауытта спорт жақсы дамыған, футбол, волейбол, баскетбол секциялары бар. 2001 жылы Орал қаласында өткен халықаралық турнирде және Астраханда өткен Каспий маңы мемлекеттерінің универсиадасында жеңіске жеттім. Ал, 2005 жылы мені АМӨЗ №5 цехтың реакторлық блогы операторы етіп жұмысқа қабылдады.
ӘКІМГЕ ЖЕТЕ АЛМАДЫҚ
-Риза Ибрагимұлы, сізге Қазақстанның командалық ашық біріншілігіне қатысу идеясы қашан келді?
-Өткен жылы біз Ақтөбеде Қазақстанның жеке чемпионатына қатыстық. Әсет пен Тимурды сол жерде кездестіріп, біздің командамызда өнер көрсетуге шақырдық. Сол сәтте біздің идеямызды облспорт қолдап, қаржыландыруға келісім берді.
-Айбек, Суперлигада өнер көрсету қаншалықты беделді?
-Қазақстанның командалық ашық чемпионатында еліміздің мықты спортшылары өнер көрсетеді, шетелден де мықты теннисшілер қатысады. Мен, мәселен, қырғыз, орыс, эстон спортшыларымен ойнағанды жақсы көремін. Мен мұндай тәжірибені басқа қай жерден аламын? Жоғары лиганың 1-турында біз 9 ойын өткізіп, бәрін де ұттық. Екінші турда Әсет ауырып қалды, командамыз толық болмағандықтан біз жарысты минус үш ұпаймен бастадық. Мұның қандай қиын екенін кез келген спортшы біледі. Алайда, біз (Тимур екеуміз) барлығын қуып жетіп, басып оздық. Екінші турға өз қаржымызбен бардық. Әсет пен Тимурға екінші тур үшін жалақыны өзім төледім. Жаттықтырушы Мамутов та төледі. Не істейміз енді, демеуші жоқ. Облыстық спорт басқармасына барғанбыз, басшысы жоқ екен. Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті болып табылатын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке кіргіміз келген, қабылдауына жазыла алмадық.
-Риза Ибрагимұлы, қанша ақша керек?
- Бір тур барлық шығындарымен 350-400 мың теңгеге шығады. Биыл Суперлигада екі тур ойнатылады. Егер ақша таба алмасақ, командамыз тарап кетеді. Яғни, келесі жылы Жоғарғы лигадан қайтадан бастайтын боламыз...
Суперлигада ойнау жас теннисшілер үшін өзін-өзі дамытып, шеберлерден үлгі алуға мүмкіндік береді. Атырауда Руслан Юн, Иван Ряснов, мүгедектер арасында Нәсихан Махамбет сияқты болашағынан үміт күттіретін жас теннисшілер бар. Олар өз шеберліктерін шыңдау үшін үнемі жарыстарға қатысып отырулары керек. Егер тек Атырауда ойнайтын болсақ, одан еш пайда жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ