Атырау, 22 қараша 16:28
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

«Мен қараңғыға сіңіп барамын...»

4 170 просмотра

26 маусым – нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Махамбет атындағы драма театрда Рахымжан ОТАРБАЕВТЫҢ шығармасы желісімен қойылған «Нашақор» пьесасы жұртшылыққа ұсынылды.

Пьеса сюжеті қарапайым, бірақ жаныңды түршіктіреді: бір отбасының ұлы нашақор атанады. Ол өзінің де, жақын адамдардың да өмірін тас-талқан қылады. Жылқытай есімді жас жігіт үйленгісі келіп, Тоғжанды ата-анасымен таныстырады. Бірақ кейін жолдан адасып, есірткіге үйір болады. Оның адамдық болмысынан түк қалмаған. Әртістер күні кеше ғана ата-анасының үміті болған жас жігіттің өмірде азып, адасып кеткенін өте терең жеткізе білді. Міне, ол үйінің астан-кестеңін шығарады, жанұшырып айқайлап, есірткі үшін ақша сұрап, анасын жан алқымнан алады. Анасын қылғындырып жатқан кезде арашаға түскен әкесін жерге құлатады. Соққыдан сүйіктісі Тоғжан да құр қалмайды. Қысқасы, алысқан ұл,  қан жылаған шеше, инфаркт алған әке...

Бұдан соң нашақор қашып құтыла алмайтын жазаның да кезегі келді: ол 259-шы бап «сақтау, тарату...» бойынша темір торға тоғытылады.

... 8 жылдан кейін бостандыққа шыққан Жылқытайды қарсы алатын ешкім қалмаған - ата-анасы қайғыдан көз жұмды, Тоғжан өз бақытын тапқан. Жалғыз қалған Жылқытай ескі әдетіне қайта басты, бір сәт залдағы көрерменге көз тастаған оның соңғы сөзі мынау болды: - Мен кіммін? Ал, сен кімсің? Мен қорқамын. Менің алдым – тұман, артым – қараңғы. Менің ешкімім жоқ, мен армандай алмаймын. Сағыныш, өкініш дейсің бе, менде түк те жоқ. Мен қараңғыға сіңіп барамын... Мен қараңғыға сіңіп барамын...

... Шымылдық жабылды. Спектакль аяқталды.

- Спектакль арқылы біз нашақорлықтың емделмейтін кесел екенін көрсеткіміз келді. Онымен күресіп жатырмыз деп көпіре сөйлеудің еш қажеті жоқ, - дейді қоюшы-режиссер Жанат ТЕЛЬТАЕВ. – Біз бұл күресте жеңіліп барамыз. Белгілі бір жетістікке жету үшін көп күш керек. Және өнер трагедия мен рухани тазарту арқылы адамдарға үндеу жолдайды: «Нашақорлық - біз үшін ортақ кесел. Сіздер немқұрайлық танытпаңыздар, адамдар!»

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

3 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.