«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес Махамбет ауданындағы ахуалды талқылады.
Отырыста 2012-2013 жылдардағы фактілер келтірілді. Махамбет, Акжайық, Есбол, Сарайшық, Талдыкөл, Бейбарыс елді мекендерінің су тазалау қондырғыларын, су құбырлары желілерін қайта жаңарту жұмыстарына 1 млрд 886 млн теңге бөлініп, «Центр Строй ЛТД» ЖШС мердігер болып таңдалған. Алайда, ЖШС жұмысты толығымен орындамай, осылайша келісім-шарттың шарттарын бұзған. Аудан әкімдігі сотқа шағымданып, нәтижесінде мекеме сенімсіз мердігер деп танылып, сот ақшаны бюджетке қайтару жөнінде шешім шығарды. Бірақ әлі күнге 599 мың теңге ақша қайтарылмаған.
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің мәліметтеріне сүйенсек,сумен қамтушы«Махамбет» КМК директоры 3 млн теңге көлеміндегі қаражатты қолды қылғаны үшін 3 жылға шартты түрде сотталған. Ал, «Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі алты жыл бойына мекемеде жұмыс жасамайтын бірнеше адамға еңбекақы ретінде қаржы аударып отырған.
Махамбет ауданының әкімі Ерлан ЖАҢАБАЕВ 2013-2014 жж. аралығында ауданда тәртіптік комиссияның 10 отырысы өткенін хабарлады. Сондай отырыстардың бірінде Есбол селосының тұрғынының «Балақай» балабақшасының меңгерушісінің заңсыз әрекеті жөнінде жазған арызы қаралып, меңгерушінің лауазымдық қызметінен босатылғанын айтып өтті.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА