25 маусымда Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының жасанды айдынынан Жайық өзеніне 1 миллион 332 мың бекіре шабағы жіберілді.
Жайық-Каспий бассейні балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ басқаратын комиссия бекіре шабақтарының жақсы дамығанын (әрқайсысының орташа салмағы 4,8 грамм, ал, ең төменгі норма 3 грамм) және ширақ қозғалатыны туралы айтып өтті.
Зауыттың бас балық өсірушісі Майра ЗҰЛҚАШЕВАНЫҢ айтуынша, инкубациялауға арналған уылдырық 31 наурыз және 15 сәуір күндері «Амангелді» өндірістік кооперативі ұстаған 150 және 230 келілік екі қортпадан алынған. Уылдырықты ұрықтандыру мен шабақтарды суға жіберу аралығында тура екі ай өтті. Бұл - 2014 жылы бекіре шабақтарының бірінші рет өзенге жіберілуі. Жайық-Каспий бекіре өсіру зауыты биыл жыл аяғына дейін 3,5 миллион шабақ өсіріп, оларды табиғи ортаға жіберуді жоспарлап отыр. Зауыттың жасанды айдынында қортпа, бекіре және шоқыр шабақтары әлі бар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет «АЖ» мұрағатынан алынды