Былтыр Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосындағы 460 орындық аграрлы-техникалық колледжін күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 100 млн-ға жуық қаржы бөлінген болатын. Алайда, бүгінгі күнге дейін мердігер мекеменің өз жұмысын аяғына дейін жеткізбегені былай тұрсын, оны сапасыз атқарған. Оның осы жауапсыздығы мен салақтығы салдарынан қазір колледждің бас корпусы пайдалануға берілмей тұр. Ал, 200-ден астам студент қыс бойы тентіреп, ескі ғимараттарда оқуға мәжбүр болған.
ТЕК ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА ЕКЕН...
Колледж директоры Шайхатолла ЖӘЛЕЛОВ бізді күрделі жөндеуі бір жылға созылған ғимараттың іші-сыртымен таныстырмас бұрын әуелі әр сөзінің дәлелі ретінде арыз-шағымдар, актілер секілді басқа да құжаттар тігілген бірнеше қатпарлы қалың папкаларды әкеліп көрсетті. Бұл - мердігермен арада болған келіспеушіліктердің айғағы.
Сонымен, тапсырыс беруші мен мердігердің арасында келісімшарт 2013 жылдың 15 шілдесінде жасалған. Тапсырысшы колледж болса, мердігер - Батыс Қазақстан облысының «ПМК Уральскстрой» ЖШС (директоры А. ГАЛИЕВ). Келісімшартқа сәйкес, колледжді күрделі жөндеуден өткізуге және қосымша құрылысқа қазына қаржысынан 99 млн 777 мың теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, мердігер мекеме жөндеу жұмысын 90 күн ішінде бітіруді міндетіне алған.
«ПМК Уральскстрой» ЖШС-нің тендерге түскен құжатында ол техникалармен толық жабдықталған, кәсіби мамандармен қамтылған деп жазылған. Батыс Қазақстан облысында бірнеше құрылыс нысанын салып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге араласқаны туралы ақпарат та бар. Алайда...
- Бұл тек құжат жүзінде солай екен, ал, іс жүзінде бәрі басқаша. Себебі, ЖШС, неге екені белгісіз, техниканы осы жерден жалдап алды, жұмыс күшін де жергілікті жерден тапты. Жұмысшылар жиі ауысты, кәсіби маман болмағандықтан, құрылыстың сапасы өте төмен болды. Ақаулары көп, әрлеу жұмыстары мемлекеттік стандарт талаптарына сай жасалынбады, кафельдер түсіп қалды, қабырғалары қисық болып шықты, -деп қынжылыс білдірді директор Ш.Жәлелов. Біз де шала жасалған және бітпеген жұмысты өз көзімізбен көрдік. Салынған терезелердің жан-жағы бітелмеген, қисық орналастырылған. Жарықтандыру жүйесі мүлде жүргізілмеген, ал кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары аяқсыз қалған. Колледж ауласынан монша құрылысын салу жұмыстары да бітпеген күйінде қалған. Әр жерде төсемтастар үюлі жатыр, олар да төселмеген. Колледж ғимаратының ішінде де атқарылатын жұмыстар баршылық. Мұнда қыс бойына екі-үш адам ғана келіп-кетіп жұмыс жасаған. Қазір жұмыстардың тоқтап тұрғанына сегіз ай болды. Бұл колледж басшылығының басын қатырған өзекті проблемаға айналды.
Директордың айтуынша, бүгінде күрделі жөндеу жұмысының 60 пайызы ғана жасалып, бөлінген қазына қаржысының 69 млн теңгеден астамы (нақтырақ, 69 799 154,64 тг) игерілген. Қалған ақша колледж есепшотында.
«БАСҚА МЕРДІГЕР ІЗДЕП ЖАТЫРМЫЗ»
Колледж басшылығы «ПМК Уральскстрой» ЖШС директоры А. Галиевке күрделі жөндеу жұмысындағы кемшіліктер мен ақауларды жою жөнінде бірнеше рет жазбаша түрде ескертті. Колледж ғимаратына техникалық бақылау жүргізу үшін техникалық бақылаушыны (Т.Урбисинов) қатыстыра отырып, ақаулық жайлы актілер жасағанымен, мердігер тарапынан талап орындалған жоқ. Облыстық әкімдік деңгейінде де өткізілген жиналыстарда берілген ескерту еш әсер етпеген. Амалы қалмаған техникалық бақылаушы мердігер ескертуді құлағына ілмегесін, жөндеу жұмысын тоқтатқан.
Ақыры колледж басшылығы Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа ЖШС-ті мемлекеттік сатып алудың жосықсызқатысушысы деп тану жөнінде талап-арыз береді. Бірақ ЖШС сотта өз дәлелдемелерін алға тартып, талапты мойындағысы келмеген болатын. Алайда, сот ЖШС-ті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танып, колледж тарапынан берілген талап-арызды қанағаттандырды.
- Жауапкердің келісім-шарттағы өз міндеттемелерін тиісінше орындамауының салдарынан біздің конституциялық құқығымыз бұзылды. Оқу корпусының жұмыс жасамауынан студенттер мен оқытушылардың қыс кезінде анда-мында көшіп жүруіне тура келді. Материалдық базаны пайдалана алмадық, тәрбиелік шаралар, кәсіптік бағдар жұмыстары орын болмағандықтан өз мәнінде өтпеді. Бұған ата-аналар да ренішті. Алдағы жаңа оқу жылына екі ай қалса да, жұмыс тоқтап тұрып қалды. Енді не істерімізді білмей отырмыз, - дейді шарасыз қалған Жәлелов.
Енді қалғаны келісімшартты бұзу болғандықтан колледж басшылығы ЖШС-ке бір ай бұрын ескертпесін де жібереді. Алайда, бұдан кейін де мердігер тарапынан еш жауап болмады, ақыры 2014 жылдың 19 мамырында колледж келісімшартты өздерінше бұзады. Келісімшарттың 5.5 тармағына сәйкес мердігер 23 млн теңге тұрақсыздық айыбын төлеуге тиісті.
- Енді біз бұл қаржыны сот арқылы «ПМК Уральскстрой» ЖШС-нен өндіріп алуға жұмыстанып жатырмыз. Және келісімшартты заңды түрде бұзып, басқа мердігерді іздестіріп жатырмыз. Қазір тендердің қашан өтетінін және жөндеу жұмысының қашан аяқталатынын кесіп айту қиын, -дейді Жәлелов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА