Атырау, 27 қараша 09:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Құтқарушы болған қандай?

3 397 просмотра

ТЖД-ның «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-де құтқарушыларды дайындауға арналған жаңа оқу-жаттығу кешені пайда болды. Кешен туралы құрғақ ақпараттың орнына өртпен күресушілер журналистерге өрт сөндірушінің арнайы киімін киіп, сынақтау өтуді ұсынды.

 

ҚОРҚЫНЫШ ЛАБИРИНТІ

Өздеріне және біздерге қызу өткізбейтін арнайы киімдер кигізіп, өрт сөндірушілер бізді жаңа кешенге алып барды. Бұл лабиринт, басқару бекеті және тренажер бөлмесі сияқты бірнеше орынжайларға бөлінген ерекше құрылыс екен.

Алдымызда кәсіби өрт сөндіруші жол бастап, артынан басқа газеттегі әріптесім, содан кейін мен ердім. Ал соңымыздан тағы бір өрт сөндіруші жүріп отырды. Бізді лабиринтке кіргізіп, артымыздан есікті тарс жапты. Жарықты сөндірместен бұрын алдымызда тұрған темір торды және оған кіретін жолды көзім шалып қалды. «Мені қорқытатын нәрсені тапқан екен...»,- деп ойланып үлгергенім сол еді, бөлмеде көз қарашығын ойып жіберердей өткір сәуле жарқ етті. Содан кейін көзге түрткісіз қараңғылық енді, алайда ұзақ емес: бөлме ішінде түрлі-түсті ойнақы оттар шарқ ұрды. Санамдағы осы есі кеткеннің ерсі түсімен бірге тағы бір сұмдық төбемді шымырлатты: адамдардың қорқынышқа толы жан түршігерлік жанайқайы құлақ тұндырды. Бұл дауыстардың артында от қызуына шыдай алмай шытынап жарылған әйнектердің, алыстан естілген дабыл дыбысы, жүгірген аяқтардың дүрсілі, құлаған белгісіз бір нәрсенің тарсылы, өрт алауының ащы ысқырығы, от тұтқынында қалған сәбидің шыңғыра жылаған дауысы жан түршіктіреді... Кездейсоқтықтан мұның жай ғана сынақ екенін ұмытып, есеңгіреп қалдым. Бұл күйім ұзаққа созылмады, енді не де болса бойымды осы жерден аулаққа салғым келіп, жанталастым. Қабырғаны жарып шығар ма еді деген ой да келді.

Осылайша аласұрып жатқанда, бөлме іші түтінге толды. Түнерген түтіннен қасымдағы адамдар көрінбей, бойымды жалғыздық биледі. Бір кезде есірік кіргендей күлкім келе бастады. Алайда артымда келе жатқан адамның қолы тиіп, есімді жиып алдым: сынақ жаңа басталды, алға жүру керек.

 

«ҚАЙДА? АЛ ТРЕНАЖЕРЛАР ШЕ?»

Лабиринт темір торға тек еңбектеп қана кіруге болады екен. Жалпы лабиринт ішімен не еңкейіп, не жер бауырлап қана қозғалуға болады. Алдымда кетіп бара жатқан әріптесімнің жарық тартатын жолақтарынан көз алмай, алға қарай жорғалай жөнелдім. Тік жоғары көтерілу... төмен түсу... тар өткел... жиі кездесетін кедергілер... жол біресе оңға, біресе солға кетеді... тағы да солға және төменге тік түсу.

Бір кезде басым біреудің бөксесіне соғылды. Алдымдағы әріптесім тұрып қалыпты. Көзім өткір сәулеге, құлағым шыңғырған дауысқа үйреніп қалған. Ретін тауып, оның ту сыртынан алға көз тастадым. Алда ұзын құбыр жатыр. Құбырға кірмекші болған жас жігіт арқасындағы оттегі балонының көлемін есепке алмапты. Балонның бір тетігі құбыр ернеуіне қыстырылып қалып, алға жібермей тұр. Не ұстап тұрғаннан хабарсыз ол алға қарай жұлқынады. Бар күшіммен оны кері артқа тартып, арқасынан басып белгі беремін. «Төмен! Төмен еңкей!», - деп айқайлаймын аласұрған дауыспен бірге. Түсінген сияқты. Құбыр ішінде оның аяғы көрінбей кеткенде, кенеттен бойымды үрей биледі. «Құрып кетсін... сыртқа шығам», - деп бір жекіп, кері бұрылдым. Артымда келе жатқан өрт сөндірушінің мейірімді көзқарасы райымнан қайтарды. Жарайды. Құбырға өзімді тығып, құртша жорғалап келемін, басымдағы қисайып кеткен каскадан шашым қобырып шығып жатыр. Тағы бір күш салып, құбыр шетінен саусақтарыммен тартып, жаңа ғана қуыршағынан сытылып, дүниеге келген көбелекше суырылып шықтым. Әрі қарай тек жоғарыға қарай қозғалдық. Алдан күн сәулесі көрінеді, кілт бұрылу, тартылу сияқты қимылдармен өткен бірнеше минуттардан кейін, тігінен тұратын жағдайға жеттік-ау, әйтеуір. Миықтарынан күліп тұрған өрт сөндірушілерге касканы жібергім-ақ келіп тұр. «Рахмет. Бізге... бәрі де ұнады», - деп әрең айтып, жанымызға батқан қатты киімнен құтылуға тырысып жатырмыз.

- Тоқтай тұрыңыздар, әлі біткен жоқ, - дейді олар, - алда тренажерлар бар.

 

ҚҰРБАН БОЛДЫМ

Лабиринтке түтін жіберіп, жантүршігерлік дыбыс шығаратын басқару пультін көрсеткеннен кейін бізді басқа бөлмеге алып барды. Қақ ортасында көп қатарлы үй сатыларына ұқсатып жасаған тренажер тұр. Алайда, ең маңыздысы, бұл бөлме 50 градусқа дейін қыздырылады екен. Мұнда барлық құрал-жабдықтарын асынып, кедергілерден жүгіріп өткеннен соң, лабиринттен кейін келеді екен. Жаһаннамға түскендейсің. Өрт сөндірушілердің кеудесіне жүрек соғысын есептейтін аспап салынады. Бұл, құтқарушылардың пікірінше, қажетті жүктемені сынауға мүмкіндік беретін «жақсы жаттығу». Абырой болғанда, бөлмені қыздырмады, алайда тектен-тек жіберіп те қойған жоқ.

- Салмағыңыз қанша? 50 келі... Мхм... Құрбан боласыз.

Ал орындықтың үстінде қаннен-қаперсіз жатқан қуыршақ құрбан да бір қойдың салмағындай тартады екен, әдемі костюмі мен жеңіл аяқ киімді не үшін кигізіп қойғанын түсінбедім.

Жүгіру, секіру, өрмелеу, жорғалау сияқты әрекеттердің, тіпті, еш қозғалудың қажеті жоқ болғандықтан, бірден келістім. Өздері айтқандай қақшиып, түтінге тұншыққан құрбанның кейпіне кіріп кеттім. Мені мұқият көтеріп, тік тұрған құбырға әкеліп, сым іліп, шығыр арқылы төмен түсірді. Қазір құлататын немесе бір жерімді жазым ете ме деп күткенмін. Жоқ, ойлағаным болмады. Аяғым жерге тигені сол-ақ екен, мені жарық дүниеге шығарып алды. Талай рет қайталанған құтқару тәсілі тез және таза орындалды. Бұл әрине мақтауға тұрарлық, өйткені мұндай жағдайда адам не жарақаттанған, не күйген болады ғой. Әрбір артық қозғалыс жанға батары сөзсіз.

Үстімнен он келілік жылы костюмді және «атасына нәлет» касканы шешкенде, қандай әсерде болғанымды айтудың қажеті жоқ шығар. Әріптесім мен сияқты ойыннан шыға алмады, еркек қой. Шаршағанын білдірместен, сәл жымиғандай болып, сынақты жалғастыра берді: кедергілер арқылы жүгіру, суды шлангтан нысанаға дәл бағыттау дағдыларын меңгерді. Бірге жүгіріп жүрген өрт сөндірушілердің жүздерінен қандай ма бір шаршағандық байқай алмадым, өйткені олар үшін бұл адам өмірін құтқару жолында атқаратын күнделікті жұмыстары ғой.

Анастасия ПАСТУХОВА

3 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.