«Даму» қорының Атырау филиалында «Жас кәсіпкер мектебінің» алғашқы түлектері бизнес жоспарларын қорғады.
«Жас кәсіпкер мектебі» жобасы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті арттыру» бағытының шеңберінде жүзеге асырылуда және өз ісін ашқысы келетін 18-29 жастағы жастарға арналған. Олар 12 күн ішінде бизнесті басқару жөнінде оқып шығады. Содан соң өз бизнес жоспарларын жасап, қорғайды. Олардың үздіктері әлеуетті инвесторлар қатысатын «Идеялар жәрмеңкесінде» таныстырылады. «...мектебінің» түлектері гранттық қаржыландыру бәйгесіне қатыса алады, сонымен қатар, банктік несиелер бойынша кепілдеме алуға үміткер бола алады.
Алғаш рет жоба 2012 жылдың күзінде Шымкентте жүзеге асырылып, сәтті шықты: «ЖКМ»-нің 400 түлегінің жартысынан астамы өз істерін ашты. Атырауда «...мектепте» 30 адам білім алуды бастады. «Жас бизнесмен курсынан» өтуге бәрінің бірдей шыдамдары жетпеді. Бірақ 10 тыңдарман қазылар алдында өз бизнес жоспарларын қорғауды ұйғарды. Қазылар құрамында «Ресей Жинақ банкі» Атырау филиалының директоры Мұрат АСҚАРОВ, Кәсіпкерлер палатасының бизнесті сервистік қолдау бөлімінің бастығы Ербол ҚАЙРАНБАЕВ, «Даму» қорының Атырау облысы бойынша директоры Әлия ӨТЕПҚАЛИЕВА және стоматология емханасының басшысы Құрал ТИШБАЕВ болды.
Жастардың кейбірінің бизнесте тәжірибелері бар, басқалары өздерін енді ғана сынамақшы. Сондықтан да жобалар алуан түрлі болды: шыны-пластикалық арматура өндіру цехын, көлік жөндеу орталығын, көлік жуу және мейманхана-монша кешенін, печенье жасайтын шағын орталық, табысты бизнеске арналған мобильдік қосымшалар ашу және т.б. Жас кәсіпкерлер үшін бұл тек өз жобаларын жұртшылық алдында қорғау ғана емес, тәжірибелі мамандардан кеңестер алуға таптырмас мүмкіндік болды. Олардың пікірінше, әп дегеннен-ақ ауқатты адамдардың шағын мақсаттық тобына бейімделген өте қымбат жобаны таңдаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, бірнеше бағытты қамтуға тырысып, күшін жоғалту қажет емес. Бір бағыттағы жобадан бастаған абзал.
Қазылар жобаның әлеуметтік мақсаты да маңызды деп есептеді. Нәтижесінде балалар мен жасөспірімдер үшін ролледром ашу жөніндегі “RockStar” жобасы үздік деп танылды. Біріншіден, Атырауда балаларға арналған демалыс орны жоқтың қасы. Екіншіден, ашық аспан астында ролледром ұйымдастыру көп қиындық келтірмейді және бизнестің табысты болуы әбден мүмкін. Екінші орынды «Табысты бизнеске арналған мобильдік қосымша» жобасы иеленді. Ол түрлі орындардың (кафе, мейрамхана, салондар және т.б.) клиенттеріне сол жерде өткізілетін бүкіл акциялардан хабардар болуға мүмкіндік береді. Авторы Әділет ҚИЯСОВТЫҢ өз қызметтерін жарнамалау жөнінде кейбір орындармен жасаған келісімі бар екен. Үшінші орын Махамбет ауданының Алмалы селолық округінен көлік жөндеу-көлік жуу және мейманхана-монша кешенін ашу жөніндегі Сәбит СҮЛЕЙМЕНОВ пенӘділжан ЗИНУЛЛИННІҢ біріккен жобасына бұйырды. Авторлардың жер телімі және бастапқы қаржылары бар.
Үш жоба да тамыз айына белгіленген «Идеялар жәрмеңкесіне» қатысады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА