Венгрия билігі Украинаны айналып өтіп Еуропаға газ тасымалдайтын "Оңтүстік ағын" (South Stream) құбырының өз территориясынан өтетін бөлігін салатынын мәлімдеді.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Сербияға сапарында сөйлеген сөзінде "Бізге "Оңтүстік ағын" жобасына қатыспаңдар дейтіндердің барлығы энергиясыз қалай өмір сүрудің жолын көрсетсін" деді.
Орбанның мәлімдемесі Еуропа Одағына мүше елдердің арасында Ресейден Қара теңіз, Сербия, Венгрияны кесіп өтіп, Австрияға дейін тартылатын газ құбыры жобасына қатысты келіспеушіліктің тағы бір қырын аша түсті. Еуропа комиссиясы Ресейдің "Газпром" компаниясымен жасалған келісім Еуропаның бәсекелестік туралы заңдарын бұзады деп, еуропалық елдерді Кремльдің қысымына көнбеуге шақырған болатын.
Өткен айда Болгария "Оңтүстік ағын" жобасының өз территориясы арқылы өтетін бөлігінің құрылысын тоқтатқан.
Ал 24 маусымда австриялық OMV компаниясы "Газпроммен" құбырдың Австриядағы желісін салу туралы келісім жасасқан. 17 маусымда Сербия үкіметі құбыр жобасына қатысу ниеті барын тағы мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық радиосы