1 шілдеде Атырауда қалааралық автовокзал белгісіз мерзімге жабылды.
Осы жерде жолаушыларға азық-түліктер сататын 49 жеке кәсіпкер жұмыссыз қалды. Кәсіпкер Ақмарал КҮНШАРИКОВА:
– Кеше түс әлетінен бастап автовокзал ғимаратында жарықты айырып тастады. Бүкіл азық-түліктер бұзылып кетті. Осы жерде төрт жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Осындай маңызды нысанды жауып тастап, болып жатқан жағдайлы жолаушыларға ешкімнің де келіп түсіндірмегені таң қаларлық.
Қала тұрғыны Қуаныш НҰРТАЗАҰЛЫ:
– Ем алу үшін Батыс Қазақстан облысындағы шипажайға баруды ұйғарған едім. Таксимен баруға қорықтым, олардың құйындатып жүретіні белгілі ғой. Ал автобусқа билет сатып ала алмай тұрмын. Автовокзал енді қашан ашылады?
Атырау – маңызды автокөлік торабы. Азамат Өзбекстаннан келіпті:
– Кешегі күннен бері осы жерде ашық аспан астында отырмын. Астраханға барғым келген. Таксиге қарағанда автобустың бағасы үш есе арзан. Автовокзалдың қашан ашылатынын күтіп отырмын.
«Каспий» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясындағылар 2009 жылы теміржол вокзалының жанынан «Аджип ҚКО» қаржысына салынған автовокзалдың мемлекеттік тізілімге тіркелмегендігін, өйткені қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтіндігін, сондықтан да жартылай заңсыз жұмыс істегенін хабарлады. Оның үстіне 26 маусымда Аджип пен нысанды пайдаланушы «АСАЗ» компаниясының және қалалық әкімдік арасында жасалған келісімшарт мерзімі аяқталыпты. Тасымалдаушыларға Атырау-2 ықшамауданынан жаңа, мемлекеттік тізілімге тіркелген автостансаны салған «Қуаныш» ЖК-мен қызмет көрсету келісімшартын жасауға кеңес берілген.
Ал бұл ахуалға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Аманжан ТАКЕШЕВ былайша түсінік берді:
– Біз тек жолаушыларды тасымалдау процесіне бақылау жасаймыз... Біз тасымалдаушыларға «Қуаныш» ЖК-нің автостансасына орналасуды ұсындық, бірақ олар бас тартты. «Аджип» компаниясы мен қалалық әкімдік бұл проблеманы шешеді деп үміттенеміз.
«АСТАНАҒА ШАҒЫМДАНАМЫН»
Ал, автобекетті пайдаланушы«АСАЗ» ЖШС директоры Рустам АСЫЛАЛИЕВ 1 шілдеден бастап автобекетті жабуға өзінің бұйрық бергенін «АЖ»-ға хабарлады. Өйткені, қалалық әкімдік арқылы «Аджип» компаниясымен жасалған сенімді басқару туралы келісімшарттың әрекет ету мерзімі аяқталған екен.
Р.Асылалиевтің айтуынша, нысан пайдаланылған 5 жыл ішінде оған қожайыны Аджип тарапынан да, билік тарапынан да ешқандай сын болмаған. Келісімшарт мерзімі екі рет аяқталып, оны 2011 және 2013 жылдары қайта ұзартқан екен.
Бірақ бұл жолы қалалық әкімдік тарапынан жасалатын келісімді ұзарту процедурасы созылып кетіпті. «АСАЗ» басшысы мұның кездейсоқ еместігіне, нысанды басқа біреуге бергілері келетіндігіне сенімді.
- Мен қалааралық Атырау-Орал және Атырау-Бейнеу бағыттарын жүзеге асыратын «Лава Транс» көлік компаниясының және кезінде өз автовокзалын ыңғайсыз орынға салған «Қуаныш» ЖК-нің автовокзалға үлкен қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Мұның артында кімнің тұрғанын да білемін. Қалалық әкімдікте автовокзалды осы тараптардың біріне сенімді басқаруға беру туралы келісімшарт мәтіні жасалып қойғанын естідім. Егер оны бекітетін болса, мен президент әкімшілігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВҚА шағымданатын боламын. Автовокзалды басқарған уақыт ішінде бізде бірде-бір оқиға орын алған емес. Біз сатылған билеттер үшін келісілген ақшаларды, сондай-ақ, бюджетке төленетін салықтарды уақытымен аударып тұрдық.
Біз «Лава Транс» ЖШС директоры Вадим СИНКЕВИЧПЕН хабарластық. Оның айтуынша, «Аджип» оның компаниясымен автобекетті сенімді басқару жөнінде келісімшарт жасаған, қазір құжат қалалық әкімдікке жолданыпты.
Синкевич «нысанды ретке келтіріп», оны мемлекеттік тізілімге енгізуге қол жеткізе алатынын мәлімдеді.
В.Синкевичтің айтуынша, автобустар жүріп жатыр, жолаушылар билеттерді тікелей жүргізушілерден сатып алуда.
2 шілдеде автобекетке барып қайтқан қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ біздің қоңырауларымызға жауап бермеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ